- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Жапонияда 3 түрлі...
Жапонияда 3 түрлі мектеп бар
Жапония мектептері бастауыш, орта, жоғарғы болып үшке бөлінеді. Алайда бұл мектептер біздікінен әлдеқайда өзгеше. Бала бастауыш сыныпқа 7 жасында барады. Бастауыш сыныпты 6 жыл, қалған жоғарғы мектептердің әрқайсысын 3 жылдан оқиды. Осылайша Қазақстандағыдай 11 сынып емес, барлығы 12 сынып оқиды. Және біздегідей білімді бір мектептің қабырғасында алмайды. Әр буынға өткен сайын ауыстырып отырады. Кейде орта және жоғарғы сыныптардың бірігетін кездері болады.
Тек бастауыш пен ортаңғы мектепте оқу міндеттеледі. Ал жоғарғы мектепте оқу, оқымау еркі оқушының өзінде. Алғашқы екі мектеп тегін болса, қалған жоғарғы мектепке ақша төлеуге мәжбүр. Мұнымен қатар мектептер жергілікті және жекеменшік болып екіге бөлінеді. Жекеменшік мектептердегі оқу бағасы өте қымбат. Бастауыш және орта мектепте күніне 3-4 сабақ қана болады. Арнайы мектеп формысы да жоқ.
Төменгі мектептерде кондиционер орнатылмаған. Соңғы кездері төрт қабырғасы жабық тұратын кабинеттерден бас тартуда. Мұны оқушылардың бір-біріне зорлық көрсетпеуі үшін жасап отыр.
Енді орта және жоғарғы мектепті талдайық. Үш тоқсаннан құралған жапондық оқу жылы бірінші сәуірден басталады. Алғашқы тоқсан сәуір мен шілде айлары аралығын қамтиды. Соңында тестілер мен емтихандар болып, артынша жазғы демалысқа шығады. Екінші тоқсан қыркүйектің бірінен басталып, желтоқсанның ортасына дейін созылады. Соңында тестілер мен экзамендер болады. Үшінші тоқсан қаңтар мен наурыз айларының аралығын қамтиды.
Сабақ сағат 8:45-те басталады. Күніне 6-7 сабақ болады. Жетінші сабақ үлгерімі нашар, қосымша оқығысы келетіндер үшін арналған. Әр сабақ 50 минутқа созылады. Сабақ арасында 10 минуттық үзіліс бар. Сағат 12:35 пен 13:20 аралығында үлкен қоңырауға шығады. Осылайша сабақ 16:00-де аяқталып, оқушылар қызыққан үйірмесіне барады. Үйірмеге бару міндеттелмейді.
Мектептердің байлығын спорттық, көркемдік сынды үйірмелердің көп болуынан байқауға болады. Дәл қазір теннис, жүзу, бейсбол, гольф, кендо, керлинг сынды оншақты түрі бар. Бұдан өзге жеке бассейні, футбол алаңы, гимнастикалық жаттығулар жасайтын залы және гольф ойнауға арналған бөлмесі бар.
Төрт қабатты спорттық клуб шешінетін орын, душ, киім сақтайтын шкаф сындылармен жабдықталған. Мектеп демалыс уақытында да оқушыларға қамқорлық танытып, шетелге саяхаттауға мүмкіндік береді. Саяхаттың қандай болатындығы сынып оқушыларының жасына байланысты. Мысалы, шілде айында орта мектептің алғашқы буыны Наганоға барып Ринкан жергілікті мектебінің оқушыларымен уақыт өткізеді. Олар тек демалып қана қоймай, себет тоқып, желдеткіш жасап үйренеді.
Ал орта мектептің екінші сынып оқушылары өзен бойымен жүзеді. Аталған мектептің үшінші сынып оқушылары Киотоға, Наруға, Жаңа Зеландияға барып, ағылшын тілін жақсылап меңгеруге мүмкіндік алады.
Бірінші қыркүйек күні қабырғаға экскурсияға барып келген оқушылардың жасаған газеттерін іледі. Ол газеттер арқылы оқушылар демалыстан алған әсерлерін жеткізеді. Бұдан өзге қалаушылар қыркүйекте өтетін фестивальға қатысып, білім ордасымен жақынырақ таныса алады. Еліміздегі ашық есіктер күніне ұқсас.
Ал Сіз қазақстандық мектептердің де үшке бөлінгенін қалайсыз ба? Жапондық мектептердің жазғы демалыс кезінде саяхат ұйымдастырулары қаншалықты тиімді?
Сурет: rudaki.ru
Қ. Бүйенбай