- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Ұстазыңызға ұнағыңыз келсе...
Ұстазыңызға ұнағыңыз келсе
Ұстаз – күнделікті сіз бен бізді білім нәрімен сусындататын адам. Егер бастауыш сыныпта оқысаңыз, бір ғана ұстазыңыз болады. Ал, орта буында әр пәннің өз оқытушысы бар.
Мектеп қабырғасында оқып жүргеніңізде түрлі мұғалімді жолықтырасыз. Бірін адамгершілігі, сапалы білімі, әділдігі үшін сыйласаңыз, екіншілерінің сабағынан шыққанша асық боласыз.
Сабаққа деген қарым-қатынасыңыз тікелей ұстазыңызға байланысты. Сондықтан, олармен сыйыңыздың да, сөзіңіздің де жарасқаны жөн. Оларға ұнау үшін сабақты жаттап барудың қажеті жоқ. Ондай оқушыларды өздері де ұнатпайды. Себебі, сабақты жаттап айтатын оқушы оқулықта жазылғаннан әрі аса алмай, тек бестік баға үшін ғана оқиды. Мұны үнділік «Үш ақымақ» фильмін көрген кезде жақсырақ түсінесіз.
Ұстазыңызға сабақ айтқан сайын қандай әсер қалдырасыз? Егер жақсы болса, оның да өз кезегінде жылы шырай танытатыны анық. Олардың көзіне түсу үшін төмендегі бірнеше ережені пайдаланыңыз:
1. Сабақ барысында назарыңыз ұстазда болсын
Мұғалім жаңа тақырыпты түсіндіріп жатқан кезде парталасыңызбен әңгіме-дүкен құрып, келесі сабақтың тапсырмасын оқып отыруыңыз жарамайды. Мұны сөзін құрметтемеуіңіз деп түсінуі ғажап емес. Келесі жолы тақырыпты түсінбегендігіңізді айтқаныңызда «Сабақ үстінде басқа істермен айналыспауың керек еді!» деп жауап қайтарады. Бұдан кейін көмек сұрау мәселесі туралы ұмыта берсеңіз болады. Ал, бір тақырыпты түсінбесеңіз, қалғандарын меңгеріп кете алмай қаласыз.
Мектепке көңіл көтеру үшін емес, білім алу үшін баратыныңызды ұмытпаңыз. Ұстазыңыз білімге деген құмарлығыңыздан салмақты екеніңізді оңай байқайды.
2. Жаңа тақырыптан бір нәрсені түсінбей қалсаңыз, ұстаздан көмек сұрауға қорықпаңыз
Бірақ, ең алдымен, өз бетіңізше түсініп көруге тырысыңыз. Осылайша, жадыңызда көп уақыт сақталады. Мұнымен қатар, тақырыпты меңгеру үшін практикалық жаттығуларды түсінуіңізге тура келеді. Ережесін қайталап, басынан орындап көруге тырысыңыз.
Сабақ барысында тек сізбен жұмыс істеуге міндетті емес. Сондықтан, түсінбегеніңізді қоңырау кезінде сұрап алғаныңыз жөн.
Ұстазды – қателік үшін жазалайтын жол сақшысындай қабылдамаңыз. Керісінше, сіздің қателігіңізді мойындап, сабаққа ынталана түсуіңіз ол үшін – ең жақсы марапат болмақ.
3. Сенімін ақтаңыз
Мысалы, ұстазыңызға қиын жаттығуды немесе ережені түсіндіруді өтіндіңіз делік. Ол өз кезегінде қоңырау кезінде емес, сабақтан кейін түсіндіретіндігін айтты. Бірақ, соңғы сабақтың қоңырауы соғылған соң мектепте қалғыңыз келмейтінін түсініп, үйге қайтып кеттіңіз. Оның үстіне теледидарда күтіп тұрған мультфильмдер де бар. Сіз үшін алтындай уақытын бөлуге келіскен ұстазыңыз бұдан кейін жанашырлық танытады деп күтпеңіз.
Кетіп қалған жағдайда, келесіде көмектеспейтінін біліңіз. Екінші рет сеніміне кіру де қиындай түседі.
Бұдан өзге үй тапсырмасын орындамай келген оқушылардың «басым ауырды, әжеме шәй бердім, бала қарадым, үйге қонақтар келіп қалды, үйім өртенді» сынды сылтау айтатын кездері бар. Шындық әрдайым судың бетіне қалқып шығады. Сондықтан, еш уақытта өтірік айтпаңыз.
4. Өзіңізді мектеп оқушысына лайық ұстаңыз
Сабақтан қашпаңыз. Ол сіздің теледидарда басталатын мультфильмдерді көруге асыққаныңызды білмегендіктен, қырқыстың бастауы деп түсінеді.
5. Ұстаздың да адам екенін түсініңіз
Біз үшін мемлекеттік қызметкер болып қана көрінгенімен, оның да аяулы жар, мейірімді ана, немересіне қамқор әже екенін білуіміз керек. Ұстаздардың да өмірінде көп қиындық болуы мүмкін. Оның шыдамды жан екенін білсеңіз де, бұл қасиетін өз мүддеңізге жаратуға тырыспаңыз. Қиын жұмысына түсіністікпен қарап, тәртіпті болуға тырысыңыз.
Ол да сіздің анаңыз секілді сырқаттанып қалады. Бірақ, бұған бола сабағын тастап кете алмайды. Себебі, отбасын асырап отырған жалақысы қысқарады.
Есіңізде болсын! Сенімнен шығу оңай, бірақ, қайта кіру мүмкін емес. Тіпті, сенімге кіру үшін жылдар қажет болуы мүмкін. Сізге ескерту жасалып жатқанда қарсы жауап қайтармас бұрын осы туралы ойланып алыңыз.
Ал, арадағы қарым-қатынастарыңыз бұзылған соң оны жылдам қалыпқа келтіруге тырысыңыз. Ештен кеш жақсы деп, кешірім сұрағаныңыз жөн.
Ұстаздар біздің дұшпанымыз емес. Керісінше, әрдайым көмекке келер қамқоршыларымыз.
Ал, Сіздің ұстазыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?
Сурет: korean.ru
Қ. Бүйенбай