Оқушы психологиясын сурет түсіне қарап анықтауға болады

Оқушы психологиясын сурет түсіне қарап анықтауға болады
Фото: rudaki.ru

Оқушының салған суреті оның қызығушылығы, отбасы, жалпы өмірі туралы көп мәлімет береді. Кезекті материалымызда суреттердің түсі нені баяндайтындығын талдайтын боламыз.

Сурет түсіне қалай баға береміз?

Біріншіден, оқушы суретті психолог маманның немесе үлкендердің көзінше салуы тиіс. Мұнымен қатар түрлі-түсті қарындаштары болған абзал.

Кейде ұстаздар қара қарындашпен салынған суретке бала нашар отбасында тәрбиеленіп жатыр деген баға беріп, артынша сурет салатын басқа қарындашы болмағаны анықталып жатады.

Екіншіден, суреттегі барлық түске баға берудің қажеті жоқ. Тек мөлшері тым көп қолданылған түсті анықтау жеткілікті.

Үшіншіден, оқушының ненің суретін салғанына мән беріңіз. Осы себепті көп жағдайда суреттер отбасы, адам, әлемде жоқ жануар тақырыбында салынады.

Төртіншіден, жеке фигуралардың қандай түспен салынғандығына мән беріңіз. Мысалы, отбасы мүшелерін қандай түспен бояғандығынан баланың оған деген қарым-қатынасын білуге болады. Ал өзінің суреті өзін қалай қабылдайтындығын, отбасында кіммен қандай қарым-қатынас жасайтындығын баяндайды.

Түстер нені білдіреді?

Бірден айта кетейік, бір түс бірнеше мағынаны білдіруі мүмкін. Мұнымен қатар қарындашты қаншалықты қою етіп бояғандығы да маңызды.

Негізгі символикалық мағыналар:

Қара көк – ішкі қиындықтарды жеңіһуге деген ұмтылыс, өткен және қазіргі өміріне талдау жүргізу.

Жасыл – салмақтылық, тәуелсіздік, талап қоя білу, қырсықтық, жоғары белсенділік, қауіпсіздікке ұмтылу.

Қызыл – еркіндік күші, ашушаңдық, өте жоғары белсенділік, қозғыштық.

Сары – жақсы эмоциялар, оптимизм, табиғилық, білмекке құмарлық.

Күлгін – қиял, түйсік, эмоция, интеллект дүмбілездігі.

Қоңыр – баяулату, физикалық жайсыздық, көп жағдайда жағымсыз эмоциялар.

Қара – жабығу, қарсылық, жою, өзгерісті талап ету.

Сұр – түстің жоқтығы, салғырттық, шетте қалу, кетуге құмарту, мазалайтын дүниені байқамау.

Қ. Бүйенбай