- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Ұстазбен ренжісіп қалған...
Ұстазбен ренжісіп қалған кезде не істейміз?
Мектеп қабырғасында өткен күндер – өміріміздің ең бір бақытты кезеңдері. Бірақ, өкінішке орай, оқып жүргенімізде сыныптастарымызбен, мұғалімдермен ренжісіп, құтылғанша асық боламыз. Өтпелі кезеңде мұғалімдермен ренжісу сынды оқиғалар бізге өте ауыр тиеді. Сондықтан мұндай ситуациядан қалай шығу керектігін ойластырайық.
Ренжісудің көп себебі болуы мүмкін. Тәжірибе жанжалдың көп бөлігі түсініспеушіліктен туындайтынын көрсетеді. Мүмкін, сіз өзіңізді тым тәкаппар немесе тәртіпсіз етіп көрсеткен боларсыз. Шашыңызды жайып, мектеп формасына сай емес киінген сәттеріңіз де болған шығар. Бір нәрсені әр адам түрліше көріп, өзіндік баға береді. Яғни қандай жағдай болмасын, жанжал шығуының себебі бар.
Ең алдымен, кішкене ұрысқа бола қатты назар аудармауды үйрену керек. Егер ұстаздың сізге ғана емес, сыныптастарыңыздың барлығына әділетсіздік көрсетіп жатқанын байқасаңыз, ойыңызды ашық әрі мәдениетті түрде жеткізіңіз. Ал егер сізге ғана нашар көзқарас танытқан болса, онда ойланып көруіңізге тура келеді. Мүмкін, сіз, расымен де, бір нәрсені қате жасаған боларсыз.
Желсіз шөптің басы қимылдамайтынын түсінген де боларсыз. Ұрыс екі адамның түсініспеушілігінен туындайды десек те, оқушы мен мұғалімнің жағдайы басқа. Сіз мұғалімнің дұрыс айтып тұрғандығын мойындап, жағдайды ушықтырмауға тырыса аласыз. Ал егер өзіңіздікінің дұрыс екенін дәлелдегіңіз келсе, сабағыңызды беске оқып, барынша тәртіпті болуыңызға тура келеді. Ең дұрысы оқушылардың көзінше мұғалімнің ашуына тимей, сыныптастарыңыз шығып кеткен соң, ұстазыңызбен сөйлесу. Осы кезде оған мән-жайды ашып түсіндіріңіз.
Ал егер ұстазыңызбен мүлдем тіл табыса алмасаңыз, аутотренингпен айналысыңыз. Өзіңізді Каспий теңізінің жағасындамын деп елестетіңіз. Айналадағы әсем табиғатқа көз салыңыз. Және салқын самал соғып тұр. Тынығып алдыңыз ба? Ал енді ұстазыңызбен өзіңіздің араңызда көрінбейтін кереге бар деп елестетіңіз. Осы керегенің арқасында ол сізге жақындай алмайды.
Өзім ұстазбен сөз таластырып, ренжісуді оқушының ең жаман қасиеті деп білемін. Әдетте, өтпелі кезеңде өзімізді тым ақылды сезініп, ұстаздарға сөз қайтарудың арқасында сыныптастарымыздың арасында беделіміз артатындай көрінеді. Алайда, бұл ойымыз қате. Сондықтан кішіпейілділік танытуға тырысыңыз. Өткен уақыт та, сәт те қайтып келмейді. Кейде, тіпті, жақсы көретін жандарымыздан кешірім сұрап та үлгермеуіміз мүмкін. Мұндай жағдайға тап болмас үшін ешкіммен ренжіспей, тату-тәтті өмір сүру керек болар.
Сурет: ©massaget.kz
Қ. Бүйенбай