Сабақты жаттап айту - зиян

Сабақты жаттап айту - зиян

Бір нәрсені жатқа меңгеру өте қиын, алайда ойлап, ұғымдардың ойша моделін құрастыру одан да қиын. Көп оқушы сабақтың мағынасын түсінбесе де, оны жаттап алып айтуды жөн көреді. Бастауыш сыныпта үйге берілетін тапсырма аз  болғандықтан жаттауға ыңғайлы. Осының арқасында күнделік бестік бағаға толады. Ал мұны көрген ата-анамыз қатты қуанады...

Қиналу үрдісі кешірек басталады...

"Бесінші сыныпта оқып жүргенімде тарих сабағынан тек бестік баға алатынмын. Себебі мен параграфтарды жаттап айтып жүрдім. Бірақ бұған 1,5 сағат уақытым кететін. Ал қазір олардың көлемі тым көп болғандықтан жаттап айта алмаймын. Үштік баға алып жүрмін. Мен тарихтың не себепті керек екенін түсінбеймін. Шыңғысхан мен балаларына берілген жерлер, хандықтардың құрылуы, отарлау саясаты. Мұның барлығын меңгерудегі мақсат қандай? Бүгіндікке бізге бір бет қана тапсырма берді. Мен оны бес рет оқып шықсам да, түсіне алмадым. Тарих ең жаман пән!" (Алмас).

Тарих керек, керек емес деп дауласпай-ақ қояйық. Біздің қолымыздан келмейтіннің барлығы керек емес секілді көрінеді. Бірақ дәл қазір ең бастысы хат жолдаған Алмасқа көмектесу.

Ал талдықорғандық Даниярдың басындағы жағдай көп оқушыда кездесетін шығар: «Оқығанымнан еш нәрсе есімде қалмайды. Мен үздік оқушыдан артық дайындаламын. Мектептен келе салысымен аз демалып, сабақ оқуға кірісемін. Осылайша кешке дейін отырамын. Ал үй тапсырмасын жаттап айтатын болсам, аз-маз дүние түсінгендей боламын. Бірақ мектепке келген соң басымда түк қалмайды. Бұл жағдай бесінші сыныптан басталды. Оған дейін мен озат оқушылардың бірі болдым. Үзіліс кезінде қайтадан оқып, есімде қалғанын айтып беремін. Болашақта, тіпті, ҰБТ тапсыра алмайтын сияқтымын деп ойлаймын. Оқимын, оқимын, бәрібір есімде еш нәрсе қалмайды. Бос уақытым да жоқ. Шынымды айтсам, мен есте сақтау қабілетімнің нашарлығынан осылай оқимын. Есте сақтау қабілетімді қалай жақсартсам болады?» - дейді Данияр.

Оған жадын жаттықтырудың қажеті жоқ, тек табандылық танытып әр сөйлемді түсініп оқып, бала кезіндегі қателігін түзетсе болғаны.

Оқушылар материалды жаттап алсам, кітаптағы мәтіннен ауытқымай, дұрыс айтып шығамын деп ойлайды. Алайда бұл үлкен қателік. Біз жаттауға ұмтылған сайын әңгіменің мазмұнын жеткізе алмаймыз. Мысалы, кино, телехикая туралы айтқан кезде не істейміз? Біз тыңдушыға детальды немесе сөзбе-сөз жеткізбейміз ғой. Сөзбе-сөз диктофон да айтып бере алады. Ал адам оқиғаның негізгі бөлігін есте сақтап, оны келесі адамға жеткізу қасиетіне ие. Мазмұндама айтқан кезде де әңгімеге немесе материалға жаңа өмір бергендей боламыз, әрі бұған аз күш жұмсалады.

Ал Алмас пен Даниярға қалай көмектесетініміз туралы алдағы материалдардан оқи аласыздар. Ал Сіз ше? Оларға қалай көмектесер едіңіз?

Құрметті оқушы! Егер мектеп тақырыбына қатысты өзіңізді мазалап жүрген сұрақтар болса, бізге хат жолдауларыңызға болады. Біз мамандардан кеңес алып, барынша көмектесуге тырысамыз.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай