Оқушы: "Болашағыма білім керек"

Оқушы: "Болашағыма білім керек"

Оқушының бойындағы есте сақтау, ойлау, көңіл бөлу секілді қасиеттер жетіліп келіп, өтпелі кезеңде мықтап орнығады. Ең ауыр өтпелі кезеңдер 11-12 және 17-18 жас аралығында болады. Оқушы бұл кезеңдерден өткеннен кейін алдына айқын мақсаттар қоя бастайды.  Ол бірінші кезекте болашақта кім болатындығын анықтауға кіріседі. 

Ал мамандық таңдау үшін іштей психологиялық дайындық керек. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, 1-3 сынып оқушылары білімді еш уақытты болашағыма керек деп ойламайды, 4-5 сыныптар арасында болашағыма керек деп оқитындардың саны - 5%, 6-7 сынып арасында - 20%, 9-10 сынып арасында - 58%.

Төменгі сыныптағылар мен жоғары сынып оқушысының өмірге деген көзқарасында үлкен айырмашлық бар. Мысалы, өтпелі жастағы оқушы «Не үшін оқисың?», - деген сұраққа, «Не үшін оқитыны қалай? Оқу керек болған соң, оқимын», - деп жауап қайтарады. Ал жоғарғы сынып оқушысының жағдайы бөлек: «Білім алсаң, нағыз адам боласың. Мысалы, мен болашақта құрылысшы боламын. Заманауи ғимараттар салып халқымды қуантамын», - деуі мүмкін.

Мұнымен қатар, жоғарғы сынып оқушылары мамандықтарын бірден дұрыс таңдайды. Әрине, кейде ауытқулар болуы мүмкін. Әдетте ауытқулар ата-анасының таңдаған мамандығына деген көзқарасымен және грант мәселесімен байланысты.

Өтпелі кезеңде оқушы мамандықты сүйікті пәніне сәйкес таңдаса, жоғарғы сынып оқушысы бірінші мамандықты таңдап, артынша оған сәйкес пәнді таңдайды.

Жоғарғы сынып оқушысы «Бұл мамандыққа икемім болмаса, оны игеріп кете аламын ба?» деген сұраққа жауап іздейді. Мамандықты әлеуметтік жағдайына сай қызығушылықтан ғана емес, қажеттіліктен де таңдайды. Ол отбасының нашар тұруымен де байланысты. Осы тұста оқушыларды игерейін деп отырған мамандықтарымен толықтай таныстыруымыз керек.

Физиологиялық тұрғыдан жоғары сынып оқушысы толыққанды түрде ойлап, өздігінен шешім қабылдай алады. Бойына сәйкес салмағы артады. 8 жасымызда салмағымыздың 27%-ы бұлшық еттерімізге тиесілі. 15 жасымызда 32%-ы, 17 жасымызда 44%-ы. Осыған сәйкес күшіміз артып, миымыз дамиды.

Мұның барлығы жоғарғы сынып оқушысын физикалық ауыр жұмыстарға дайындайды. Қыздар мен жігіттер физикалық тұрғыдан мықты екендерін білгенде өздерін барынша сенімді ұстап, көңіл-күйлері көтеріңкі жүреді. Ал физикалық әлсіздіктерінің нәтижесінде пессимизмге салынып, көп сөйлемейтін болады.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: astana.gov.kz

Қ. Бүйенбай