- Негізгі бет
- Алтын ұя
- Маңғыстаулық оқушы үш...
Маңғыстаулық оқушы үш баланы өрттен құтқарды
Маңғыстау облысында балалардың алаңсыз әрекеті ірі өртке әкелді. Оттан үш бүлдіршінді көрші тұратын сегізінші сынып оқушысы құтқарған.
Оқиға 7 қарашада таңертең Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында болған. Онда Азан Балов көшесіндегі №52 үйде алты, бес және төрт жастағы үш бүлдіршін ересектердің қарауынсыз қалған. Олар сіріңкемен ойнап, өрт шығарған.
Маңғыстау облысы ТЖД баспасөз қызметінің басшысы Гүлнәр Қожабекова хабарлағандай, осы елді мекеннен өрт болып жатқаны туралы көршілері қоңырау шалған. Шақыртуға №6 өрт сөндіру бөлімшесінің бригадасы барып, үй отқа оранып жатқанын көрген. Өрт кезінде ұйықтайтын бөлмеде тұрған принтерлер мен комод жанып кеткен. Жалын шарпыған аумақтың жалпы алаңы 2 ш. м. құрады. - Өрт кезінде үйде үш кішкентай бала болған. Жалынды көрген көршінің баласы жанып жатқан үйге кіріп, кішкентайларға терезеден шығуға көмектесіп, оларды аман алып қалды - деп түсінік берді Гүлнар Қожабекова.
Құтқарушы Ж. Қалдығараев атындағы орта мектептің 8 «Б» сынып оқушысы Ғалымжан Күзембаев болашақта өрт сөндіруші мамандығын таңдағысы келетінін де айтты. Балалар өміріне алаңдаған жасөспірім, олардың түтінге тұншығатындығын ойлап өрт сөндірушілерді күтпестен шұғыл әрекетке барған.
Дереккөз: inform.kz