Көшеде сәнді киініп жүрудің жолы (Оқушыға)

Көшеде сәнді киініп жүрудің жолы (Оқушыға)

Қазақ жастарының көшедегі киім үлгісі қалыптаспаған деуге толық негіз бар. Оның себебі бір ғана мысалмен түсіндіріледі. Мәселен, сіз достарыңызбен кездесуге барып, олардың қалай, қандай стильде киініп келгенін байқаңыз. Бірі спорттық күртеше, ал бір жейде мен пиджак киген, тағы бірі футболкамен-ақ сәнін келтірген. Үш бөлек жағдайда киілетін киім үлгілері сіздің бір ғана кездесуіңізде көрінді. Осыдан-ақ, шешім шығара беруге әбден болатындай.  

Бозбалалық жаста көшеге шығарда қандай киім киерін білмейтіндер көп. Мәселен, спорттық киім немесе костюм көше жағдайында қолапайсыз көрінетінін мойындайық. Спорттық киімді көшеге киіп жүретіндер көбінде спортшылар немесе балалар. Ал костюмді тек арнайы жерлерге ғана киіп баруға болады, сонымен қатар көшеде костюм киетіндер тек жасы келген қариялар. Ал дәл сіздің ортаңызда, дос-жарандарыңыздың ортасында қандай сән барын анықтап білу мүмкін емес. Бірақ кейбір заңдылықтарды білсеңіз, әр күні сәнді болып көрінетініңізге сеніміміз мол.

Әрқашан талғамыңызды «ұмыт қалдырмаңыз». Әр жағдайда өз пікіріңізге сүйеніп отырыңыз. Кейде ата-анамыз таңдап берген киімді киюге мәжбүр боламыз, бірақ қандай киім болмасын, оны жарастырып кию өз қолымызда. Сонымен қатар, жастайыңыздан сәнді киінуге, трендтен қалмауғы тырысыңыз.

Түрлі стильдерді біліп, қарапайым киім киюдің заңдылықтарын есте ұстаңыз.

  • Бірінші кезекте киім таза болуы керек. Кейбіреулер джинсы шалбарды жумауға да болады деген пікірді айтады. Десе де, оның жуылмағандай болып көрінуін сәнгерлердің арнайы жасаған стилі екенін ұмытпағайсыз. Түптің түбіне келгенде киіміңіз лас болса, жеке гигиенаңыздың да нашар болғаны деген пікірді жадыңызға тоқып алыңыз.
  • Классикалық үлгіден қашқақтамаңыз. Әрине, классикалық үлгінің ең бір салмақты нұсқасын да таңдай салуға болмайды, мәселен, галстук пен әппақ жейде, кейде қырлы шалбарды да қайырып әжептәуір сәнге айналдыруға болады. Әрине, бұл киім үлгісімен көшеге әрбір шыққанда жүрмейсіз, сондықтан оны тек кей маңызды жағдайлар кезінде таңдау керек.
  • Адамның күлкісін шақыратын киімге жоламаңыз. Киімнің түсі тым қою (қызыл, сары, көк), әрі денеңізді қысып тұратын киім бозбалалық жастағы жігіттерге сай емес. Оқушы жастардың ересектердің киім кию стиліне аса қызығатыны және еліктеп киінгісі келетіні де заңдылық. Бала кезде бәріміз де ерте есейгіміз келгенін мойындайық. Десе де, кекілді артқа тарап, жейденің екі немесе үш түймесін бірдей ағытып, жеңді түріп жүрсеңіз күлкі шақыратын боласыз.  
  • Киім сіз үшін бірінші кезекте ыңғайлы болуы керек. Соған орай, гардеробыңызда да киімдердің алмастырып киюге болатындай үлгілері болсын. Жастар көбіне спорттық киімді ұнататыны да сондықтан. Бірақ спорттық шалбар мен туфлиді ешқашан да біріктіріп киюге болмайтынын білетін шығарсыз?
  • Бәрімізде де болған бір жәйт – «киімді үлкен көлемде аламын, сосын өскенде шақ болады». Әрине, киімнің жоқтығынан мұндай мәселер болуы да мүмкін, бірақ қымбат емес киімнің өзін өз өлшемімен алуға әбден болады. Мінетті түрде қымбат трендтерге қызыға бермей, сәні сол құнды киімнен бір кем қалыспайтындай киімді таңдауға әбден болады.

 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: өңделген

А. Құлтай