ҰБТ-ға қалай дайындаламыз?

ҰБТ-ға қалай дайындаламыз?
Фото: huffingtonpost.com

Жаңа оқу жылы басталды. 11-сынып оқушылары үшін ең жауапты кезеңнің алғашқы айы да аяқтала бастады. Күн сырғыған сайын жүрек соғысы да жиілей түсері анық. 210 минуттық сынақтың әр сұрағына дайындалып, кеудесіне сенімділік ұялататын білімін іздейді. Бірақ сол білімді қалай іздеу керек? Жаңа форматтағы ҰБТ-ға қалай дайындалу керек?

Алдымен талапкер физиологиялық тұрғыда дайын болуы тиіс. Ұйқы мен тамақ өз нормасынан шықпауы қажет. Күн режиміне уақытты шегелеп, белгілеп қойған абзал.

Сабырлы болуға ұмтылу. Бұл психологиялық дайындықты күшейту керек деген сөз. Бәріне салқынқандылықпен қарап, кез келген қиындықты жеңіл қабылдап үйренген жөн.

Артық, зиянды әрекеттерден бас тарту. Достармен бірге уақыт өткізген кімге ұнамайды дейсіз? Плейстейшн, компьютер ойындары, футбол қарап, бәс тігу секілді бос істерді жарыса кітап оқып, тест талдаумен алмастырған әлдеқайда артығырақ. Жоғарыда айтылған ойын-сауық тізімін орындауға әлі-ақ уақытыңыз табылады. Әрине, егер бір кезек футболды қарап емес, ойнап уақыт өткізсеңіздер 1-пунктті жаңартқандай боласыз. Яғни, бой жазатын ойындарды бір ширап алу үшін артық етпейді.

Уақытпен ойнау. 3 сағат 30 минут. Осы уақытты сенбі және жексенбі күнінің біріне бөліңіз. Жауап парақшасын толтыруға 30 минут уақытты арнасаңыз, 3 сағатты сынақ пәндеріне бөліп тастаңыз. Мысалы, 5 саусақтай білетін Сауатты оқу және Қазақстан тарихы сынды пәндерді ауырсынбасаңыз, алдымен сол сұрақтарға тез жуап беруге тырысыңыз. Ал егер математикалық сауаттан сұрақтардың жауабын табуға қабілетіңіз аса жоғары болмаса, көп уақытты сол сауалдарға жұмсаңыз. 210 минутқа үлгерген-үлгермегеніңізді есептеп отырыңыз. Келесі демалыста керісінше, яғни алдымен математикалық сауатты, кейін жеңілдерін орындаңыз. Демек, өз-өзіңізге тәжірибе жасаңыз.

Г. Берік