- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Назарбаев Зияткерлік мектебінің...
Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектерімен сұхбат
Назарбаев Зияткерлік мектебі – озық технологиясымен қатар, білікті білім деңгейімен ерекшеленетін еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Бұл мектеп түлектерінің өз білім ордалары туралы не ойлайтынын білу мақсатында Massaget.kz сауалнама жүргізген болатын.
1. Назарбаев Зияткерлік мектебіне қалай түстіңіз?
2. Назарбаев Зияткерлік мектебі сізге не үйретті? Нені жоғалттыңыз?
3. Назарбаев Зияткелік мектебінде оқуды не себептен өзгелерге ұсынасыз?
Таухан Бақытжанов, Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі
1. Есімді білгеннен бері тек дұрыс бағытта жетілуге ұмтылдым. Алдыма дұрыс мақсат қойып, биіктерді бағындыруды негізгі бағытым ретінде ұстандым. 6 сынып оқып жүргенде, қаламызда Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылатыны туралы естідім. Әрине, мен бұл мүмкіндікті текке жібермеу үшін жұмыстандым. Бірнеше достарыммен бірге керекті емтихандарды тапсырып, алға ұмтылдық. Бәріміз НЗМ оқушысы атандық.
2. Мені жаңа технологиялар, жаңа оқу бағдарламасы өзіне баурап алды. Тек теледидардан көретін шетелдік азаматтардың ұстазым болатыны да көңілге қуаныш ұялатты. НЗМ туралы көп нәрсе айтар едім. Бірақ бастысы кіріккен бағдарлама арқылы жұмыс жасау жүйесі болашақ сауатты мамандарды дайындайтыны сөзсіз. Мектеп жасында-ақ бәсекеге қабілетті болуға жол ашады. Ағылшын тілін жетік меңгеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, келешек студенттік өмірге дайындайды. Тек оқу ғана емес, талантыңды жетілдіруге де септігін тигізеді. Міне, осылардың барлығын маған НЗМ берді.
3. Жеке өз басым ағылшын тілінде еркін сөйлеймін, мәселелердің шешімін табуға жұмыстанамын. Әрі көшбасшылық қабілетімді дамыттым. НЗМ түлегі ретінде бұл мектептің түлектері болашақтың кілті деп нық сеніммен айта аламын.
Айгерім Даусова, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі
1. Назарбаев Зияткерлік мектебі біздің қаламызда ашылатыны жайлы анам БАҚ-тан білгелі құжаттарымды жинап бастап, бағымды сынап көруім керектігін айтты. Ол кезде мен Ж.Молдағалиев атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқитынмын. Ол кезде балалығымнан ба ата-анамның сөздеріне аса көңіл бөлмеген едім. Бір күні емтиxан қабылдаушылар мектебіме келіп, НЗМ-ге түсу сатыларын түсіндіргеннен кейін ғана бұл қадамның болашағымдағы маңыздылығын түсіндім. Бүкіл оқушы секілді мен де құжаттарымды жинап, бірнеше деңгейден тұратын емтиxанды тапсырып бұл мектепке түстім.
2. НЗМ ең алдымен жауапкершілікке үйретті. Таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін мектепте өткізетін уақытымның құнды екенін, ата-анамның үмітін ақтау үшін сол уақытты тиімді қолдану керектігін көрсетті. Нені жоғалттым дейсіз ғой? Тек жақын адамдарыммен өткізе алатын алтын уақытымды жоғалттым деп қана айта аламын. НЗМ мектепшілік өмірімді нұрландырды: зияткерлік əлеуетімді байытып, өнер күшін қуаттандырды. Мектепте өткізген жылдарда білім мен өнер ұштасты.
3. Кішкентай кезімде батыстың кино көріністеріндегі мектеп өмірін көріп қызығатынмын. НЗМ "сондай мектепте оқысам-ау" дейтін арманымды орындады десем болады. Жеке мен күнде мектепке ынтамен, жаңа энергия, құлшыныспен келетінмін! Мектепшілік өмірімді әлі күнге дейін сағынышпен еске алатыным да сол себептен деп ойлаймын. Мен қазір тек НЗМ-нің жарқын болашаққа апаратын жол екенін ғана айтпаймын. Мектептегі атмосфераның өзі неге тұрады десеңізші: қанық оқу жүйесі 3 тілдік саясатты қолдайды, өнер және спорт үйірмелері (тегін), тәтті тағам, шаңырақ пен куратор (яғни сенің екінші отбасың) әрі жеке "шкафтар". Бұл әр оқушының арманы емес пе?
Ернұр Айдаралы, Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі
1. Мен үшін мектеп өмірі қызықты әрі сапалы болды. Ол өзім оқыған НЗМ арқасы. Бірнеше сынақтан соң мектепке қабылдандым. Қуанышымда шек болмады. Өйткені бұл – бәрінің уысына түсе бермейтін сәттілік.
2. Мектеп маған көп нәрсені үйретті. Көптеген арманымды шындыққа айналдырды. Қабілетімді шыңдады. Мектептің оқу бағдарламасындағы «Шаңырақ» жүйесі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керектігін үйретті. "Туған елге тағзым» жобасы арқылы Қазақстанның қалаларымен таныстық, саяхаттадық. Екі рет шетелге шығуға мүмкіндік алдым. Мәскеу қаласы мен Малайзияға шеккен сапарым, танысқан достарым тәтті естелігімнің бөлігі. Міне, НЗМ маған осындай белестерді бағындыруыма жол ашты.
3. Білім жүйесі, өмірлік құндылық, сапалы білім әрі жарқын болашақ. Осы үшін НЗМ таңдауды өскелең ұрпаққа ұсынамын.
Данагүл Жексенова, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі
1. НЗМ-ға түсу барысы да қиын әрі қызық болған. 8 сынып оқып жатқандықтан екі турдан тұратын математика, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, биология және xимия пәндерінен емтихан тапсырдым. Дегенмен қазіргі қабылдау емтиханы форматы мүлде өзгеше, тіпті қиынырақ, тек теориялық білімді ғана емес, практикалық білімді және логикалық, менталды тұрғыдан ойлау қабілетін талап етеді. Сондықтан бұл мектепке түсушілер бәсекеге қабілетті, ерекше дарынды болуы қажет.
2. Бұл мектептің маған бергені көп. Біріншіден, өзімді қайтадан адам ретінде құрастыра білдім, өзімді қайта тәрбиелей бастадым, биік-биік арман- мақсаттарым пайда болды, өзіме деген сенімім күшейе түсті, мен бағындыра алмайтын асу жоқ деген ой, күш-жігер пайда болды, Сол биік мақсаттарға жету жету жолында амбициям әлі де сөнбей, тырмысып, еңбектеніп келемін.
Екіншіден, бұл мектеп маған сапалы білім берумен қатар үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Нақтырақ айтсам, осы мектеп арқасында Ұлыбритания елінде физика пәнін тереңірек оқыдым. Сонымен қатар бұл сапар арқылы ағылшын тілінде еркін сөйлеу мүмкіндігін алдым. Ең маңыздысы, бұл мектеп арқасында мен бәсекеге қабілетті, білімді тұлғаға айналдым.
Дегенмен бұл мектепте оқу барысында не жоғалттым деген ойға да кейде кенелемін. Бәлкім бос уақытым мүлде болмағандықтан, өз xоббилеріммен айналысу қиынға соқты, әр уақытымды сабақ оқумен өткіздім.
3. Менің әр оқушыға айтарым: бұл мектеп сізге басқа мектеп бере алмас үлкен мүмкіндік, жарқын болашақ сыйлайды. Бәлкім "Өмірімді қиындатудың керегі не? Қарапайым мектепті де бітіріп шыға аламын ғой?" деп ойлайтын шығарсыз. Бірақ сол қиындық, тырмысып еңбектену арқылы ғана сіз мағыналырақ, сапалырақ өмір сүріп, қоғамда белгілі орны бар адамға айнала аласыз.
Майя Нұрлан, Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі.
1. Әкем адамның сауатты болуы үшін оқу орны өте маңызды деп санады. Бастауыш сыныпты бітіріп, дарынды балаларға арналған "Дарын" мектебіне түстім. Кейін басылымдардан Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылатынын көрдім. Ата-анам өз бағымды сынап көруді ұсынды. Бақ шапты ма, әлде бап шапты ма білмедім, осылайша бұл мектептің оқушысы атандым.
2. Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқу тек басында ғана оңай болды, сыныптан сыныпқа көшкен сайын білім беру жылдамдығымен қатар талаптары да күшейді. Оқу бағдарламасы мұғалімді тек көмекші әрі бағдаршы ретінде қабылдауға үйретсе, ал оқушыны үзіліссіз ізденіске баулиды. Алайда сабақ, білім, оқу деп өзіме ұнайтын спортпен қош айтысуға тура келді. Өйткені уақыт шектеулі еді. Сонымен қатар мектебімде 9 сыныпты бітіргеннен кейін болашақта мамандық таңдау кезінде керекті пәндерді таңдатып әрі оны терең оқытты. Бұл ойлау көкжиегімнің дамуына жол бермеді. Дегенмен мен өкінбеймін. Есесіне көп биікті бағындырдым.
3. Егер болашақта әлемге басқа көзқараспен қарай отырып, мәселелерді сараптап үйренгіңіз келсе бұл мектеп сізге арналған. Мектеп өмірі уақытыңызды алғанымен, сол жоғалған уақытыңыздың барлығын ешқашан бос нәрсемен толтырмайды. Сол үшін де қуаныштымын.
Т. Есқали