- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Қазақстанда ҰБТ-ны қайта...
Қазақстанда ҰБТ-ны қайта тапсырудың құны белгілі болды
Ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыру құны белгілі болды.
Министрліктің баспасөз қызметі мәліметінше, биыл бітірушілер ҰБТ-ны белгіленген мерзімде 1-15 маусым аралығында тапсырады. Шекті деңгейдегі ұпайды жинай алмаған бітірушілерге ағымдағы жылдың тамыз айында барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында орналасқан базалық жоғары оқу орындарында тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.
ҰБТ-ны қайта тапсыруға болатын жоғары оқу орындарының тізімі Білім және ғылым министрлігі тарапынан айқындалады. Шекті деңгейдегі ұпайды жинай алмаған бітірушілер тестілеуді төрт пән бойынша қайта тапсырады: оқыту тілі, Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәнінен (бейінді). Тестілеуді екінші рет тапсыру үшін талапкерге тек тұрғылықты жер бойынша жақын орналасқан базалық ЖОО-ға өтініш, 3х4 көлемдегі 4 сурет, және орта мектепті немесе ТжКО-ны бітіргендігі туралы құжаттар тапсыру қажет.
Қайта тестілеу рәсімінің құны - 2242 теңге.
Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сенат депутаттарының білім беру туралы заңға түзету енгізіп, бұл заңның мектеп түлектеріне ҰБТ-ны екінші мәрте тапсыруға мүмкіндік бергені хабарланған болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz
Е. Жұмабайұлы