Мамандықтың бәрі жақсы: Кинология

Мамандықтың бәрі жақсы: Кинология
Фото: rudaki.ru

Итті қалай өсіру керектігі туралы көп адам біледі десек те болады. Ит үйді күзетсе, қырда жүрген кезде, малды қасқырдан қорғауға көмектеседі. Аң аулауда серік болады. Алайда ит өскен соң иесіне қауіп төндірмес үшін оны жастайынан қолға үйреткен жөн. Осыған қатысты арнайы мамандар жасақталады. Оларды "кинолог" деп атайды. 

Итті таңдау барысында тұқымына да мән берген жөн. Қабаған иттер дұрыс тәрбиеленбеуі мүмкін болғандықтан, олардың қандай әрекет жасайтындығын бағдарлау өте қиын. Сол себепті үлкен ұйымдармен қатар, ит асыраушылар кинолог мамандардың көмегіне жүгінеді.

Кинолог дегеніміз — арнайы дайындық барысында жинақтаған теориялық білім мен дағдылардың иесі, ит өсіруге қатысты тәжірибесі мен өтілі бар, мемлекет пен қоғамда сау иттердің болуын қадағалайтын мамандар.

Кинолог мамандар иттерді күзетші ретінде дайындап, қару-жарақ пен есірткіні іздеуге жаттықтырады.

Үйретілген иттер қылмыскерлерді, адасқан, жер сілкінісі кезінде жоғалған адамдарды іздейді, улы газдың қайдан шығып жатқанын табады. Кедендік қызметке, милицияға аса қажет десек те болады.

Кинолог мамандар арнайы орталықтармен қатар жануарларды үйрететін аймақтарды жұмыс істейді.

Кинологтар немен айналысады? Тұтынушының тапсырысына сәйкес үй жануарларын қолға үйретеді. Иттерді адамды оқыс жағдайларда құтқаруға үйретеді. Халықаралық, ұлттық көрмелерге, сайыстарға қатыстырады. Иттерге қатысты мәселелерді шешіп отыратын клубтармен серіктес болады.

Жеке қасиеттері: иттерді жақсы көру, батылдық.

Білімі. Кинолог болу үшін жануарларға деген махаббат жеткіліксіз. Шыдамдылық, мақсаткерлік, білім қажет. Арнайы кинология саласына қатысты біліміңіз болса, жұмысқа орналасу мүмкіншілігіңіз арта түседі.

Жұмыс орны мен мансабы. ІІМ, әскер, Қарулы күштер, кеден, аэропорт, ғылыми зерттеу орталықтары, зертханалар, ит асырайтын орындар. Бұдан өзге жеке бизнесін ашу мүмкіндігі бар.

Ал Сіз қай мамандықты таңдадыңыз?

Қ. Бүйенбай