- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Мектеп бітіру кешіне...
Мектеп бітіру кешіне арналған көйлекті бірге таңдайық
Қыз баласы майда-шүйденің барлығын байқап, маңызды даталарды есте сақтайды. Әр мерекелік кешке асқан ыждахаттылықпен дайындалып, жүрегі лүпілдеп жүреді. Дәл қазір үлкен өмірге қадам басқалы отырған бозбала мен бойжеткендеріміз қобылжып күткен ҰБТ-ны тапсырып жатқан да болар. Әрбір оқырманымыздың ойдағыдай балл жинағанына кәміл сенімдіміз. Ал жинамағандарға алда талай мүмкіндік күтіп тұрғанын айтқымыз келеді. Жоғары балл алсаңыз да, аз балл алсаңыз да, қанағат тұтыңыз.
Бүгінгі күндері мектепте бітіру кешін жасауға тыйым салады. Мұның себебі де жоқ емес. Аталған күні түрлі оқиға жүзеге асып жатады. Ал біз мұндай сәт өмірде бір рет қана келетіндіктен, оны естен қалатындай етіп өткізуіңізге тілектеспіз. Есте қалу үшін міндетті түрде ішімдік ішіп немесе ең қымбат деген киімдерді сатып алудың қажеті жоқ. Егер бітіру кешін өз беттеріңізше дәмханада жасауды ұйғарсаңыздар, төмендегі ең әдемі үлгідегі көйлектерді киіңіз.
Табиғатымыздан жаратылысымыз нәзік болғандықтан, әсемдікке құмармыз. Сүрме, шаш үлгісі, аксессуар, көйлек сындылардың хан қызынікіндей мінсіз болғанын қалаймыз.
Сән әлемі не ұсынады?
Дизайнерлер биыл қиялға барынша ерік беруге кеңес береді. Десе де етегі еденге дейін төгіліп тұратын көйлектердің кез келген қызға жарасатындығын айтады. Себебі мұндай көйлекті қыз баласы кез келген атаулы күнде кие алмайды. Ал бүгін назарларыңызға қысқасын да, ұзынын да ұсынамыз. Таңдау еркі өзіңізде.
2015 жылы ауыр мата мен күрделі фасондар туралы ұмытқанымыз жөн. Шынайы, сүйкімді болып көріну үшін, жібектей нәзік маталарды таңдауымызға болады.
Жоғарыдағы көйлекті құм сағат пішінді қыздар киеді. Ол аяқтың арықтығын жасырып, кеуде тұсыңыздың нәзіктігін айқындайды.
Ақ, ақшыл сары түсті көйлекті кез келген қыз таңдауына болады. Өзінше сән беріп, тері түсімен жақсы үйлеседі.
Грек стиліндегі бұл көйлек артық салмақты және аяқтың қисықтығын жасырады.
Бұл көйлек экспериментті жақсы көретін қыздарға арналады. Ол өз кезегінді нәзіктік пен биязылықты үйлестіре білген.
Келесі көйлегімізді нағыз ханшайымдарға арналады десек болады. Көйлектің жоғарғы бөлігі кеуде пішінін айқындайды. Мұнымен қатар, қыпша белді ару екеніңізді көрсетеді.
Кеңсе стиліндегі ақ көйлек бітіру кеші үшін өте қарапайым көрінетіні рас. Алайда қыз баласы үшін қарапайымдылық пен тәрбиеден асқан "аксессуар" жоқ.
Қызыл көйлекті өзіңіз білетіндей, сенімді жандар таңдайды. Әдетте мұндай арулар көрермендер көзайымына айналудан қорықпайды.
Заманауи көйлекті бұрын-соңды мини киіп үйренген болсаңыз ғана таңдаңыз. Әйтпесе жүрісіңізге сенімсіздік таңылып, көйлекті созғыштаумен әуре боласыз.
Есіңізде болсын! Сұлулық бет-әлпетімізде, сыртқы көрінісімізде емес, біздің болмысымызда өмір сүреді. Өзгелердің көзіне түсу үшін міндетті түрде қымбат киім киіп, бірнеше бояу жағудың қажеті жоқ. Бастысы өзіңізге құйып қойғандай жарасып тұруы тиіс. Олай болса, іске сәт! Мектеп бітіру кеші ойдағыдай өтсін!
Қ. Бүйенбай