Жолың болсын, жас түлек

Жолың болсын, жас түлек
Фото: Massaget.kz

Қымбатты түлек! Дәл қазір сіздің жағдайыңыз қандай екенін жақсы білемін. Өйткені сіз бастан өткергелі отырған сынақтан мен де өттім. Биыл туған бауырларым да өзіңіздей қынжылып, майданға аттанып бара жатқандай күй кешуде. Сізге түрлі ақыл-кеңес ұсынып, жаңалықтан хабардар етіп отырсақ та, айтар ауызға оңай екені рас. Бірақ ҰБТ тапсырған күні өміріміз таразының бір шетінде тұрғандай бойымызды үрей билеген еді. Есіңізде болсын: ҰБТ — өмірдің мәні емес. Оны алынбайтын асудай қабылдаудың қажеті де жоқ. Мұны сан рет қайталаудан жалықпаймын.

ҰБТ-ға көбіміз бір жыл қалғанда дайындаламыз. Осы бір жыл ішінде мектептегі ұстаздарымыз, ата-аналарымыз бен туған-туысқандарымыз ақыл айтып, жауапкершіліктің жүгі арта түскенін сезіндірді. Үлкен өмірге қадам басардағы ең маңызды сәт екенін айтумен болды. Олардың айтқандарын күндіз-түні ойлап келдіңіз. Сағат тілі алға жылжып, сынаққа жақындаған сайын жүрегіңіздің дүрсілі үдей түсті. Өз өмірімізден көрші өмірін қызық көрген заманда өзгенің пікіріне тәуелді екеніміз де рас. "Ертең төмен балл алып қалсам, жұрт не дейді?", "Әке-шешем елдің бетіне қалай қарайды ?" сынды түрлі ойдың жетегінде жүреміз. Бар ойыңыз, бар арманыңыз – жоғары балл жинап, грантқа ие болу, ата-ананың ақ сүтін ақтау. Олардың тірнектеп жинап, бізге тарту еткен дүниесін өздеріне қайтаруды мұрат тұтасыз.

ҰБТ адам өмірінде ешқандай рөл ойнамайды деп жалған айтқым келмейді. Бірақ оның сізге арналған жай ғана сынақ екенін біліңіз. Бұйырып, ЖОО-ға түсіп жатсаңыз, мұндай сынақтардың түрлісін бастан өткересіз. Сол сәтте ҰБТ тапсырғаныңызды еске алып, күлетін боласыз. ҰБТ-да жинайтын балыңыз тек сізге ғана тиесілі. Он бір жыл бойы алған біліміңіз бен бір жылдық тынымсыз дайындығыңыздың жемісін көресіз. ҰБТ-ны ата-анаңыз үшін немесе ел-жұрттың пікірі үшін тапсырудың қажеті жоқ. Ол сізге ғана тиесілі көрсеткіш болғандықтан, оған ешкім де ортақтаса алмайды. Біреудің алдында есеп беріп, көңіліне қарауға міндетті емессіз. Бұл жалғанда біз өзіміз үшін ғана өмір сүреміз.

Тынымсыз тіршілікпен жүріп, жүрегімізді тыңдап, ақылға жүгінуді ұмытамыз. Бір сәт оған құлақ асыңыз. Ол не дейді екен? «Төмен балл алсам, менің жағдайым не болады?» деп сұрап жатқан болар? Осы күнге дейін көп қыздан «Дипломым болмаса, мен кімге керекпін? Ертең тұрмысқа шыға алмай қаламын» деп айтатындарын естимін. Қыз баласы болсаңыз, олай ойламаңыз. Қуанышыңызға орай, тағы да бір жыл дайындалып, келер жылы кешенді тестілеу тапсыруыңызға болады.

Соңғы кездері жаңалықтардан жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы туралы жиі естіп жүрміз. Олардың бұлай жасауының себебі де әртүрлі. Өкінішке орай, жыл сайын олардың қатары көбейе түсуде. ҰБТ-дан төмен балл алған оқушылар әдетте өзіне қол жұмсауды жөн көреді. Мұндайларды қолдаудан аулақ болыңыз. Өтсеңіз, жақсы, өтпесеңіз, сізді өмірден ешкім сызып тастамайды. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, биыл 126 786 түлек мектеп бітіреді. Білім және ғылым министрлігі 32 788 грант тағайындап отыр. Қалай ойлайсыз қалған 93 998 түлектің жағдайы не болады? Олардың барлығы өмірмен қоштасады деп ойлайсыз ба? Әрине, жоқ. Олар ары қарай өмір сүріп, бұдан да үлкен жетістікке жетеді. Өмір ҰБТ-мен бітпейді, керісінше енді басталады. Осыған орай мысал келтірсек: Билл Гейтс өндірушілердің алды болмай тұрып, небары мектептегі екілік баға алып жүретін оқушы болған. Осы кезде ата-анасы қулық жасап, оған әрбір алған жақсы бағасы үшін 25 цент беріп отырады. Дәл мұндай ынталандыруға қарамастан, «Майкрософт» басшысы жылына тек 5 доллар табатын болған екен. Бұл – ата-анасының жақсы баға үшін берген сыйақысы. Артынша мектепте дербес электронды есептеу машина пайда болып, Гейтстің бойында тұнып жатқан таланттарды ашады. Оның ЖОО-ны аяқтамай тастап кеткені тағы бар. Бүгінгі таңда атағы жер жарады. Бұл мысалмен білімді өз бетімізше де алуымызға болатындығын айтқымыз келеді. Қазіргі таңда қолдағы диплом бастағы білімнің шынайы көрсеткіші емес. Оны бірі — еңбектеніп алса, екіншісі - аға-көкесінің арқасында алады. Ал жұмысқа қабылдаушылыр біздің біліктілігімізді бағалайды.

Бір сәтке жақын адамдарыңыздан айырылып қалғаныңызды елестетіп көріңізші. Меніңше, бұл — өмірдегі ең жаман сезім. Мұндайды ешкімге де тілемеймін. Өйткені, аман-сау жүрген ата-анамыздан, ойнап-күліп жүгірген бауыр-қарындастарымыздан артық ешкім де, ешнәрсе де жоқ. Олар - өмірдің мәні. Мұнымен қатар, өзіңіз де бір отбасының тірекшісі болып, еліміздің болашағын жасайтын азаматтарды тәрбиелей аласыз. Олар үшін сіздің орныңыз дәл осындай екенін ұмытпаңыз.

Бәріміз пенде болғандықтан ертеңгі күннің, алдағы сынақтың қандай болатынын дөп басып айта алмаймыз. Қандай жағдай болмасын, бойыңызды тік ұстаңыз. Қалаған балыңызды алсаңыз да, алмасаңыз да қанағат тұтыңыз!

Massaget ұжымы сіздерге әрдайым тілекші екенін ұмытпаңыз! ҰБТ-дан 125 балл алуыңызға тілектеспіз! Қайда жүрсеңіз де, кіммен жүрсеңіз де жолыңыз болғай!

Қ. Бүйенбай