- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- ҰБТ алдындағы қорқынышты...
ҰБТ алдындағы қорқынышты жеңу үшін...
Оқушы тестілеуге жақсылап дайындалып, артынша сын сағатта төмен балл алып қалатын кездері болады. Мұндай оқиғаны жиі естіген боларсыз. Мұның себебі неде?
Мамандардың айтуынша, аталған жағдай тестілеуге бір күн қалған кезде ұйқының қанбауы, білімнің сапасыздығы, қобалжу сынды себептерге байланысты болады екен. Ұйқыңызды қандыру үшін жылы суға шомылып, сүт пен балды араластырып ішуіңізге болады. Ал қобалжуды болдырмау мәселесі қиындау. Экзамен кезіндегі қобалжуды қар көшкінімен салыстыруға болады. Денеңізді жансыздандырып, шешімді дұрыс қабылдауға мүмкіндік бермейді. Кітапшадағы сұрақтар таныс болғанымен, қайсысы дұрыс екенін еске түсіре алмай дал боласыз. Не істеуге болады? ҰБТ-мен бетпе-бет кездесуге қалай дайындалуымыз керек?
ҰБТ – жас жеткіншектің өміріндегі маңызды сынақтардың бірі. Оқушының болашағы оның нәтижесімен тікелей байланысты. Болашақта жақсы жұмыспен қамтамасыз етіліп, еліне пайдасы тиер білімді азамат болу үшін жақсылап дайындалуға болады. Мұнымен қатар, табысқа жету-жетпеуіңіз де ҰБТ нәтижесі әсер етеді. Талапкерлердің тестілеу пунктіне келген кезде қобылжып, күйзеліске тап болатындығы түсінікті жағдай.
Не істейміз?
1. Ең алдымен, өмір ҰБТ-мен шектелмейтіндігін түсінуіңіз қажет. Бұл – белгілі бір мақсатқа жетер жолдағы сынақ. Алдағы өмірде бұдан да қиын сынақтардан өтуіңізге тура келеді. ҰБТ алдағы өмірге әсер етеді, алайда оны тоқтатпайды. Өзіңізді дұрыс бағдарлайтын болсаңыз, міндетті түрде табысқа жетесіз.
2. Ұстаздардың ҰБТ-ға қатысты сөзін жүрекке жақын қабылдамаңыз. Олар сіз жоғары нәтиже көрсетсін деген ниетпен үрейлендіреді. Бір шетінен, оларға да түсіністікпен қарауға тырысыңыз.
3. Дайындығыңыз жақсы болған сайын, өзіңізге деген сенімділігіңіз арта түседі. Кей оқушы қалтамда шпаргалкам болса, өзіме сенімді боламын деп ойлайды. Мұндайға сенбеңіз! Шпаргалка бірнеше сұрақтың жауабын табуға көмектесетін шығар, бірақ ол сізді қобалжу сезімінен арылта алмайды. Неге? Сұрақты оқыған кезде оның жауабын емес, жауабының қай шпаргалкада жазылғанын еске түсіретін боласыз. Шпаргалка жазудың пайдасы зор. Өйткені жазып отырып маңызды ақпаратты есте сақтайсыз. Ал тестілеу кезінде оның көмегі тиетіндігі тек пысық мінезіңіз бен бағыңызға байланысты.
4. ҰБТ-ға дайындық барысында мүлдем дайындалмау немесе бар уақытты дайындыққа ғана арнау сындылардан аулақ болған жөн. Адамның ойлау қабілетіне таза ауа мен күн сәулесі жақсы әсерін тигізеді. Дайындалатын бөлмеңіздің терезесін ашып, ауасын жиі тазартып тұрыңыз. Оттегі жетіспеушілігі ешкімге көмектескен емес.
5. Жақсылап дайындалыңыз. Бір жыл қиналсаңыз, артынша грант иегері атанып, өмір бойы жемісін жейсіз.
ҰБТ болатын күні көп тамақ ішпеуге тырысыңыз. Және бұрын-соңды жеп көрмеген тамағыңызды ауызға алудан бас тартыңыз.
ҰБТ кезінде кез келген оқушы қобалжиды. Ол тестілеу нәтижесінің төмен болуына әсер етеді. Сол себепті ҰБТ-ға бір күн қалған кезде ұйқыңызды қандырып, бар күш-жігеріңізді жинақтаңыз.
Талапкер, ҰБТ-да 125 балл алуыңа тілектеспіз! Іске сәт!
Қ. Бүйенбай