2015 жылғы ҰБТ ережелері

2015 жылғы ҰБТ ережелері
Фото: nis.edu.kz

36 Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Людмила Гейцман 2015 жылы ҰБТ-ның қалай өтетіндігі туралы мәлімет берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі YK-news.kz ақпараттық порталына сілтеме жасай отырып.

- Өткен жылы ҰБТ екі кезеңнен құралып, мемлекеттік тест пәндері тек тестілеу қарсаңында белгілі болатындығы туралы айтқан болатынсыздар. 2015 жылдың түлектерін алда не күтеді?

- Расымен де, осы мәселені талқылаған болатынбыз. Алайда енді ҰБТ-ның бұрынғы күйінде қалатындығы туралы шешім қабылданды. Тестілеу әдеттегідей бір күн ішінде, үш жарым сағатта өтеді. Биылғы жылы логикаға, сызбаға, кестеге қатысты тапсырмалар беріледі. Білім және ғылым министрлігінде сұрақтардың жауабын ашық қалдыру, жауап нұсқаларының санын көбейту сынды мәселелер әлі де қарастырылуда. Әзірге олардың 2016-2017 жылдары енгізіліп-енгізілмейтіндігі анық емес. Алайда бұл жолы тест тапсырмаларының формасы өзгермейді. Барлық сұрақ жабық күйінде қалады.

Он бірінші сынып оқушыларына бес пән ұсынылады: математика, орыс тілі, қазақ тілі, Қазақстан тарихы және таңдау пәні. Аталған бесінші пән талапкердің таңдаған мамандығына сай келуің керек. Егер бітіруші шығармашылық қабілетті талап ететін мамандыққа тапсырғысы келсе, кез келген пәнді таңдай алады. Бірақ артынша міндетті түрде шығармашылық экзамен тапсырады.

Кішігірім өзгеріс: енді оқушылар жауап парағын министрлік өкілінің жанына келіп тапсыра алмайды. Оны тек орнында отырып өткізуі тиіс. Мұнымен қатар, министрлік өкілі тестілеуге қатысушының жауап парағындағы қызметтік секторды және негізгі парақты дұрыс толтырғанына көз жеткізуі тиіс.

- Өту балы қанша болады?

- Конкурске қатысу үшін 50 балл («Жалпы медицина» мамандығы үшін – 65 балл), ұлттық жоғарғы оқу орындарына тапсырушылар үшін - 70 балл, «Ауылшаруашылық ғылымдары», «Мал шаруашылығы» тобындағы мамандықтар үшін 60 балл болады. Бұдан өзге таңдау пәнінен 7 балл, ал қалған пәндерден кем дегенде 4 балл жинауы тиіс.

Тестілеу бағасы аттестатқа түскен кезде, бес балдық жүйеге сәйкес өзгертіледі: 0-3 балл – екілік, 4-11 (13) – үштік, 12 (14)-17 (20) – төрттік, 18 (21) – 25 балл – бестік.

- ҰБТ өткізілетін аудиторияға электронды құрылғылар мен анықтамалар әкелуге болмайтыны анық. Мұны алдын алу мақсатында оқушыларды металл іздейтін құрылғымен тексеретін болады. Ал егер техникалық қызметкер дөрекілік танытса ше? Мысалы, комиссия мүшесі оқушыны әділетсіз түрде шығарып жіберсе ше?

- Расымен де, қазір ҰБТ барысындағы тексеру өте қатал. Экзамендегі тәртіпті жіті қадағалайтын техниканы жетілдірудеміз. Мұны әлемдік тәжірибе десек те болады. ҰБТ тапсыру пунктілерінде металл іздегіштер, бейнебақылау жүйесі, ұялы байланысты сөндіруге арналған құрылғылар іске қосылады. Бейне бақылау тек комиссия мүшелеріне ғана емес, оқушыларға да пайдасын тигізетініне назар аударыңыздар. Тестілеу қатысушысы комиссия мүшесі әділетсіздік танытты деген жағдайда, бейнебақылауды оған қарсы пайдалана алады.

Экзаменге кірер кездегі бақылау барысында тексерушінің сіздің қалтаңызды ақтарып, қол тигізуіне құқығы жоқ. Қалтаңызды ашып көрсетуге міндетті емессіз. Алайда металл іздегіш құрал сигнал берген жағдайда, зат сақтау бөліміне өткізуіңіз керек.

- ҰБТ кезіндегі тәртіп өте қатал болады деген пікір қалыптасқан: дәретханаға баруға, су ішуге болмайды. Егер оқушының іші ауырып, жүйкесі сыр берсе, не істейді? Шыдауы керек пе?

- Әрине, шыдап отырудың қажеті жоқ. Бір нәрсе түсініксіз болған жағдайда, қолыңызды көтеріңіз. Кезекші немесе министрлік өкілі жаныңызға келіп, мән-жайды түсіндіреді. Аудиториядан шығу үшін арнайы уақыт бар. Ол 75 минуттан кейін басталып, экзамен бітуге 75 минут қалғанша жалғасады. Бұл уақыт аралығында қатысушы су ішуге шығып, демалу мүмкіндіктеріне ие болады. Жұмыс істеп жатқандарға кедергі келтірмесе болғаны. Осы уақыт аралығында мекемеден шығуға тыйым салынады. Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, кезекшіге хабарлаңыз. Әрбір ҰБТ тапсыру пунктінде медициналық қызметкерлер бригадасы жұмыс істейді. Олардың қолында оқушылардың денсаулығы мен созылмалы аурулары туралы мәліметтер, дәрілер бар. Экзамен барысында су ішуге, шоколад жеуге болады. Тек шуылы естілмесе болғаны. Айналасындағыларға қабығының дыбысы кері әсерін тигізуі мүмкін.

Жалғасы бар...

Қ. Бүйенбай