Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?

ҰБТ-ны Массагет тілшілерінің барлығы тапсырды. Сынақ болған күн артта қалса да, күні кеше аудиторияда дұрыс жауап таңдап, қолымыздан келгенше сыныптастардан көмегімізді аямаған немесе өзгеден көмек сұраған сәтіміз әлі есімізде.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға небары бірнеше ай қалды. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталады. Бұл – ҰБТ-ға дайындалу үдерісі тоқтайды деген сөз. Уақыттың аз қалғанын ойлаған сайын жүрегіңіз алып-ұшып, арасында күйзеліп те жүрген боларсыз. Сол себепті біздің айтарымыз сізге көмек болар деген ниетпен басымыздан өткен оқиғаларымызды баяндамақпыз. Алғашқы кейіпкеріміз – Мейіргүл Оңғарова.

Сонау батыстың бір түкпірінде бұйығып жатқан қарапайым ауылдың қарапайым мектебінен түлеп ұшып, сол сияқты қарапайым ғана аудан орталығында ел қатарлы тест тапсырдық. "Алтын белгіге" де, "Қызылға" да үміткер болмадым. Бастысы – 100-ден асып, жоғары оқу орнына түссем болғаны деген ой ғана көкейімде тұрды. Шыны керек, мына тұрған Орал қаласына жетудің өзі кәдімгідей мұң болған шағын ауылдан теледидардан ғана көріп, тамсанатын Алматыға бір-ақ асып кетем деп мүлде ойламаппын. Олай ойлайтындай, не байдың қызы емеспін, не бір тамыр-таныс деген атымен жоқ. Өзімде өзім ғана бар екем. 

Әйтіп-бүйтіп жүргенде, тест тапсыратын уақыт та жетіп қалды.

Артынып-тартынып аудан орталығына келдік. Тест уақыты сағат сайын жақындап, жүрекке қорқыныш ұялатты. Қорқыныш деген аты ғана, сол кездегі қорқынышты қандай сөзбен сипаттап берсем екен сізге?! "ҰБТ-дан жоғары балл ала алмай қалсам ше?!". Осы ой шыңылдап, құлақта тұрып алды. Шыдамай, жылап жібермесем болды...

Аудиторияға кірдік. Шпор да жоқ. Сенетінім – өзім ғана. Қол-аяғым дір-дір етіп тұр. 

Белгіленген орынға отырдым. Жаныма қол-аяғы күнге қошқылданған бейтаныс бір бала отырды. Маған жалтаң-жалтаң етіп қарап қояды. 

Басталды!

Кітапша қолыма тигенде ғана, қорқынышым басылып, сабырға келейін дедім. Сатырлатып белгілей бастадым. Қазақ тілі мен қазақстан тарихы, әдебиеттен қиналмадым. Осал тұсым – математика. Орыс тілін қойшы, ол маңызды емес деп қоямын өзіме-өзім. Математиканы ашып қалсам, мүлде таныс емес қиын тапсырмалар бастарын көтеріп, маған үрке қарап тұр. Жыпырлаған көп есеп әйтеуір. "Өй, бір..." Баяғы өзімді ішімнен бір сыбап алдым. Есептерді білмегенім үшін. "Әй, мейлің, тәуекел!" Математиканың көп есебін түйсігіме ғана сеніп, белгіледім. 

Бір кезде қақ алдыма бір қағаз ұшып келді де, жалп ете түсті. Аштым. "Маған көмектесші" депті де, сұрақ жазып жіберіпті. Аузы-мұрны жоқ хат сымақты оқып болып, бір секунд та ойланбастан жауабын жаздым. Тіпті, бұны кім жазғаны сол сәтте маңызды емес еді. "Кемедегінің жаны бір" деп айналайын атам қазақ бекер айтқан ба? Жаздым да, артыма бұрылып, артымдағы партаға қоя салдым. Артымда отырған біреу, ол бейбақ та ойланбастан хатты іліп алып, ары қарай жалғады. Қағаздың ұшы жалғанып барып, бір сыныптасыма тиді. Әлгі сасқалақтап, хатты алды да, рақметін білдіргендей, мен жаққа қарап, басын изеп, апыл-ғұпыл хатты ашып жатты. 

Алдымызда тұрған "өзіміздің комиссия" ол қағазды байқамаған болды. Біз байқатпаған болдық. 

Менің қағаз туралы оқиғама куә боп отырған жанымдағы бейтаныс бала "мынау бір кеңпейіл "білгіш" екен" деп ойлап үлгергенше, алдыма оның да сынақ кітапшасы жалп етті. "Белгілеп берші" деп мұрын астынан міңгірледі ол сосын. "Жоқ" дей алмадым. Оның да кітапшасының бетін айдақ-сайдақ қылып асығыс белгілей бастадым. Біттім де, қолына ұстаттым. Әлгі рақмет дегендей болды. Кейін ол баланы қайтып еш жерден кездестірген емеспін. 

Математика болмаса, басқа пәндер аса қиындық тудырмады.

Түн ұйқыны төрт бөлген ҰБТ-да бір сәтте өте шықты. Бәрі бір сәтте екен ғой... Бір сәт! Алтынға бергісіз, ендігі уақытта еш маңызы жоқ бір сәт... 

Тысқа шықсам, анталаған мұғалімдерім жан-жақтан түтіп жеп қоярдай, сұрақтың астына ала бастады. Ештеңе дей алмадым.

Не дерсің?!.

Сөйтіп, тест қорытындысы да шыға бастады. Жүрек шіркін аттай тулап, алқымымнан алып тұр. "Дүрс-дүрс-дүрс-дүрс". Сөйтіп тұрғанымызда тәлімгеріміз Клара апайым қуаныштан бал-бұл жанып, айғай сап келеді. "100 балл! 100 балл! 100 балл бар бізде!" Ауыл мектебі үшін жүз балл дегенің алынбас асу. Құдай-ау! Қайдағы жүз балды айтып келеді? Бас шыңылдап кетті. Клара апай жетіп болса-шы! Сол бір қол созым жерден жанымызға жеткенше, бір ғасыр өткендей, төзім түгесіліп кетті. Шыдай алар емеспін! Кімнің жүз балы? Кімнің?! 

Клара апай келді де, көптің ішінде елеусіз ғана тұрған мені даралап алып шығып, қапсыра құшақтай алды. "Жүз алыпсың!". Клара апайдың құшағына көміліп, естіген сөзіме сенбей, аңтарылып мен тұрмын. Бұл хабарға не қуанарын, не қуанбасын білмей, өзге халық тұр. 

Осы сәтте көрші мектеп директоры Жасталап ағай келіп, құттықтап, қолымды алды. Сосын...

Ауылға келдік. Анам менен бетер қуанып жүр. 

Менің көкейімде бір ғана қуаныш: "Оқуға түсетін болдым..."

Аяулы оқырман, биыл ҰБТ-да 125 балды қанжығаңызға байлауға шын жүректен тілектеспіз! Біз сізді қолдаймыз! 

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай