- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- ҰБТ-ны сәтсіз тапсырған...
ҰБТ-ны сәтсіз тапсырған оқушы оқиғасы
Қазақстандық оқушылар ҰБТ-ны 10 жыл бойы тапсырып келеді. Бұл мерзімді аз деп те, көп деп те айтуға келмейді. Тағдырға айтарлықтай өзгеріс енгізетін сынақ әр азамат үшін маңызды рөл атқарады. Мұнымен қатар, жыл өткен сайын оқушылар тестілеуге жақсы дайындалып, қиын ситуациядан сытылып шығудың амалдарын ойластырады. Кейіпкеріміз Айдын Абдраман алғашында ата-анасының үмітін ақтай алмаса да, бір жылдан кейін кешенді тестілеуді қалай сәтті тапсырғанын баяндайды.
2004 жылы ҰБТ-ны алғаш рет тапсырған түлектердің жағдайы мүлдем өзгеше болатын. Ұстаздарымыз бен құқық қорғау органдары тек барлығын сақадай сай етіп жаттауға кеңес беріп, шпаргалка, ұялы телефон, калькулятор пайдалансақ, экзамен тапсыру мүмкіндігінен айыратындықтарын айтқан болатын. Әдетте 11 сыныптың қаңтар айына дейін уақыт көп секілді көрінеді. Нағыз қорқатын уақыт Жаңа жылдан кейін басталады. Өйткені, ҰБТ тапсыруға небары 5 ай ғана қалады. Және өміріміз ҰБТ-ға дейін, кейін сынды екі бөлікке бөлінеді. Ауыл балаларымен демалыс күндері түрлі кешке бару, мереке тойлау дегендер шетке ысырылды.
Ата-аналар да балаларына бей-жай қарап отыра алмайды. Алгебра, орыс тілі, тарих сынды пәндерден қосымша курстарға жібереді. Менің жағдайымда ата-анамның қосымша курсқа жіберетін мүмкіндігі болмады. Сол себепті, тест кітапшаларын жинастырып, өз бетімше дайындалдым.
«Тағдырымыздың үш сағат ішінде шешіле салатынына менің де көңілім толмайды. Алайда босқа алаңдайды екенбіз. Өйткені, мазасызданамыз деп дұрыс дайындала алмай қаламыз».
Сыныбымдағы көп оқушы бұл сынаққа бей-жай қарады десем де болады. Себебі, 27 оқушының тек 8-і ғана аттестаттағы жақсы бағасы үшін алаңдайтын. Қоңырау болғанда сыныптастарымызбен жиналып, ҰБТ кезінде бір-бірімізге көмектесеміз бе, жоқ па сынды сұрақтардың төңірегінде ақылдасатынбыз.
Маусым айында жайлауда қой бағып, достармен көңіл көтеруді ұнататын едім. Бұл жолы аттестаттағы бағамды бүлдіріп алғым келмеді. Ол кезде ата-анамызға кеңес беретін ұйымдар да жоқ еді. Ал Кеңес заманында тәрбие алған ата-анамыз «Біз емтиханды сәтті тапсырдық, сол секілді сендер де ойдағыдай тапсыруға тиіссіңдер» деп айтатын. Ата-анамның осы күнге дейін берген тәлім-тәрбиесіне тағар мінім жоқ. Десе де қаладағыдай психологиялық орталықтар болса, нұр үстіне нұр болар еді.
«Ұлы Біркүндік Төңкеріс» Кеген ауданындағы мектепте өтті. Барлығы ұстаздарымыз болжағандай жүзеге асып жатты. Әр оқушыны тексеріп кіргізіп, қалтамызды тінтіп шықты. Сағат 10:00-де басталған емтихан 13:00-де бітті.
Тәртіп қатаң сақталды. Кабинет ішінде бізді 2 ұстаз бақылады. Қимылдауға, бір-бірімізбен тілдесуге тыйым салынды. Біз де өз кезегімізде алғырттық танытып бақылаушылар өзара алмасқан кезде сөйлесіп үлгердік. Небары 4 нұсқа болғандықтан, бір-бірімізбен ақылдасуымызға тура келді.
Нұсқасы өзіңдікімен бірдей адамды табу нағыз бақыт болатын.
Дәретханаға бір-ақ рет жіберді. Оның үстіне тура есігінің алдына дейін шығарып салып, шыққанша күтіп тұрды. Бірі – шпаргалка қарап үлгерсе, екіншілері – телефонмен сөйлесіп үлгерген еді.
ҰБТ аяқталған соң оқушылар үйіне қайтып, жауапты асыға күтті. Кешкі сағат 5 шамасында жауабы да ілінді. Ең қызығы осы кезде басталды. Ащы дауыс пен бақыттан аққан көз жасы бір-бірімен селбесіп жатты. Кейбірінің арманы тура сол сәтте орындалды. Көпшіліктің бақыттан басы айналып жатқан кезде менің басыма қара бұлт үйірілді.
Мен таңдаған ағылшын тілі мамандығына түсу үшін кем дегенде 90 балл жинау керек еді. Ал мен небары 69 балл жидым. Жауап жазылған тізімнің қатарында жауаптардың қалай белгіленгендігі көрсетіліп тұрады. Оны тексеріп, артынша аппеляцияға беруге болады. Мен екі сәйкессіздік таптым. Бірақ, оны дәлелдеу үшін Астанаға Білім министрлігіне баруым керек болды. Алыс қалаға бару мүмкіндігі болмады. Армандарымның күл-талқаны шықты.
Ақылы оқуға ата-анам ақша жинамаған еді. Ауылда ондай мүмкіндік те жоқ. Мен де өзге сыныптастарым секілді қалаға барып оқығым келетін.
Сол уақытта өмір сүргім келмей кетті. Себебі, ата-анамның үмітін ақтай алмадым.
Ақылы бөлімге құжат тапсырып, алғашқы жарты жылдық оқудың ақшасын төлесем де, грантты жеңіп алу мүмкіндігін жіберген емеспін. Әрі сыныптастарым қайта тапсыру мүмкіндігі бар екенін де айтатын. Осы сәтте бар мәселені тек ақша ғана шешетінін түсініп, кешенді тестілеу тапсыруды жөн көрдім. Мен үнемі жақсы оқитынмын, қалалық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпазы атандым. Ақылы бөлімде оқи беруге ар-ұятым жібермеді. Бұл жолы мамандығымды өзгерттім. Жатпай-тұрмай дайындалдым. Экзамен тапсыратын күн жақындай түсті. Бар құжатымды жинап қойғанмын. Кешенді тестілеуді ҰБТ-мен салыстыруға келмейді. Бұл жерде қатаң тәртіп жоқ. Әдеттегідей залға кіргізіп, бәрін түсіндірген соң бақылаушылар кетіп қалды. Кабинетке үш сағат ішінде үш рет қана кірді. Көмек сұрауға мүмкіндік көп болды. Алайда өзім танымайтын оқушылар болғандықтан, ешкімнен еш нәрсе сұрай алмадым. Мұндай сәтте сыныптастарыңыз дұшпаныңызға, ал ақпаратпен бөлісу мемлекетке сатқындық жасаумен бірдей болады екен.
Тамыз айы келісімен газет сатып ала бастадық. Өз есімімді грантқа түскендер қатарынан тауып, төбем көкке жетті. Осы сәтте табандылықтың табысқа жеткізетінін түсіндім. Ғажайыптар біздер сенетін жерде ғана орын алады демекші, алдымызға мақсат қойып, сол мақсатымызға сай жоспар құра білген жөн.
Еш уақытта ҰБТ-ны екінші мәрте тапсыруға кеңес бермеймін. Ең бастысы, ҰБТ-ны сәтсіз тапсырсаңыз да, өмірдің аяқталмайтынын біліңіз. Барлығы өзіңіздің қолыңызда.
Ал Сіз ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырдыңыз ба?
Сурет: ©Қанат Бейсекеев
Қ. Бүйенбай