Дарынды оқушылар қандай қасиеттерге ие?

Дарынды оқушылар қандай қасиеттерге ие?

Дарынды оқушылар дегеніміз – ата-анасының берген тәрбиесінің немесе табиғаттың тарту еткен сыйының арқасында құрдастарынан ақыл-парасаттылығымен артылатын балалар.

Олар жастайынан қатарластарынан ерекшеленеді. Аз ұйықтап, тілі ерте шығады, сөздік қоры өте мол, бақылағыштық қасиеті мен қызығушылықтары аса жоғары, есте сақтау қабілеттері жақсы. Мұндай балалар үш жасында-ақ бір уақытта бірнеше оқиғаны бақылай алады.

Дарынды балалардың қасиеттері төмендегі белгілерге сәйкес анықталады:

1) Дүниетанымының кеңдігі;

2) Психологиялық жетілу;

3) Физикалық ерекшелік.

♦ Олар бір уақытта бірнеше іспен қатар айналысады. Айналадағы құбылысты тұла бойына сіңіріп жатқандай әсер қалдырады.

 Қоршаған ортаны белсенді түрде бақылап, жасы үлкендерге көп сұрақ қояды. «Жоқ», «болмайды» сынды ескертулерді қабылдамайды. Ж.Пиаже ақыл-парасаттылық сынды қасиеттердің ақпаратты өңдеумен және астың қорытылуымен тікелей байланысты екенін айтады. Олар үшін білім алу – таза ауамен тыныс алумен пара-пар құбылыс.

♦ Ғалымдар дарынды балалар миының биохимиялық, электрлік белсенділігі жоғары екенін айтады. Мұнымен қатар, дарынды балалардың құрдастарына қарағанда интеллектілік азықты көп мөлшерде қорыта алатындықтары анықталған.

 Олар жастайынан түрлі құбылыс пен концепция арасындағы байланысты көре алады. Осы байланыс шығармашылық қабілеттерінің жетілуіне әкеліп соқтырады.

 Абстракты деңгейде көп ойланып, есте сақтау қабілеттері жасы ұлғайған сайын жақсара түседі. Бұдан өзге ойында жүрген ақпаратты сапта тұрған сарбаздай қаз-қатар тізіп қоюды ұнатады. Мол сөздік қорының арқасында сұрақты дұрыс қояды. Сөздік, энциклопедия сынды кітаптарды көп оқиды. Миды қозғалысқа түсіретін ойындарды ойнайды.

 Ұстаз берген ең қиын тапсырманы өз бетінше орындауға ұмтылады. Ешкімнің көмегін қажет етпейді.

 Алдыларына мақсат қойса, оған жетпейінше тынбай еңбек етеді. Перфекционизм сынды қиындықтары бар.

♦ Оқулықтағы тапсырманың берілгенін дұрыс түсінеді. Қиын сәтте ойын жылдам жинақтайды. Жұмыстың нәтижелі болуын қадағалайды.

Сурет: katev.kz 

Қ. Бүйенбай