Массагет оқушы қыздың арманын орындады

Массагет оқушы қыздың арманын орындады

Көбіміздің көкейімізді кернеп, болашаққа жетелеген армандарымыз бар. Бірақ ол үнемі орындала ма? Өкінішке орай, көбісі мұны жоққа шығарады. Шындығында, біз дұрыс армандай алмаймыз. Мүмкін басқаша армандап көруіміз керек шығар? 
Табысты адамның барлығы - бала арманын жүзеге асырған жандар. Ақпәтерден шыққан әзілге құмар Тұрсынбек Қабатов бала күнінде кішігірім концерт ұйымдастырып, көпшіліктің алдында өнер көрсетуді ұнатқан екен. Алғашында КВН ойнап көзге түссе, бүгінгі таңда халқымызға күлкі сыйлаған «Әзіл әлемі» атты театрды ұйымдастырды. Арманын орындап қана қоймай, "сыбайластарын да" тапты. Астананың төріне еліміздің түкпір-түкпірінен ең мықты деген сықақшыларды жинады. Осының барлығы бала арман мен еңбекқорлықтың арқасы. 

Бойжеткендеріміздің жүрегін жаулап, демалыссыз Қазақстанның әр қаласында гастрөлдік сапарда жүретін Қайрат Нұртас ше? Гүлзира ханым үнемі баласының жетістікке жетуін армандап, тілеуін тілегендігін айтады...

Ең алдымен, қалау мен арманның ара-жігін ажыратып алыңыз. Мысалы, жақсы жар жолықтырып, көп балалы ана атанғыңыз келді делік, немесе мансап жолында табысқа жетуді армандайсыз. Мұнымен қатар жақын күндердің бірінде болатын мерекелік кешке көйлек сатып алғыңыз келеді. Бірақ қымбат көйлек сатып алмағаннан сіздің өміріңіз еш өзгермейді. Ал бұл жалғанда отбасынсыз өмір сүру мүмкін емес. Яғни арман алып әрі маңызды болуы тиіс. 

Қалау - уақытша, ал арман - мәңгілік жүзеге асатын құбылыс. Мұнымен қатар, сенім керек. Арман сенім жоқ жерде орындалмайды.

Ойға алғаныңыз міндетті түрде жүзеге асады. Сондықтан әрдайым армандаңыз. Сенбесеңіз армандаудың да қажеті жоқ.

Шынайы өмірде еңбексіз еш нәрсе жүзеге аспайды. Мансап жолында табысқа жеткіңіз келсе, үйде отырмаңыз. Кітапханаға барып біліміңізді шыңдаңыз, сол саланың адамдарымен танысыңыз, өзіңіздің жақсы қасиеттеріңізді көрсетуге тырысыңыз. Арманыңызға бір қадам болсын жақындай түсіңіз. Есік қоңырауын басқан кезде ғана ашылатынын ұмытпаңыз. 

Жолыңыз болмай жатқанын байқасаңыз, арманды мақсатқа айналдырыңыз. Оған жетудің әрбір қадамын ойластырыңыз. Оны қалай жасауға болады? Өте оңай! Ол үшін ақ қағазды қаламның көмегімен ортасынан бөліңіз. Бірінші бөлігіне армандарыңызды, екіншісіне оған жету үшін не істеу керектігін жазыңыз. Нәтижесінде жоспар пайда болады. 


Мысалы, болашағы бар жұмысқа орналасқыңыз келді делік. Бірақ сізді қабылдамай жатыр. Себебі қандай? Олардың талаптарына сәйкес келмейсіз. Талаптарына сәйкес ағылшын тілін меңгерген, белсенді, бойшаң, кез келген мәселені шеше алатындай ақылды, компьютерлік бағдарламаларды игерген жан болуыңыз керек. Бұл қасиеттер сіздің бойыңызда кездесе ме? Жоқ болса, сізге «Сау бол» деп айтуларының себебі де сол шығар. Ал аталған қасиеттерге ие болу үшін шамамен жарты жыл уақыт кетеді. Сол себепті уақытты жоғалтпай, жоспар құрыңыз. Артынша іске кірісіңіз. 

Әрқайсымыз қайталанбас тұлға болғандықтан, армандарымыз да түрліше орындалады. Бұл ортақ заңдылықтар жоқ деген сөз емес. 
Жиырма жыл өмірімде арманды орындайтын екі тәсілдің бар екенін білдім. Оларды жеке тәжірибемнен де өткізіп көрдім:
1. Алдымызға нақты мақсат қойып, жоспар құру. Мақсатқа жету үшін нық адымдар жасау. Аталған тәсіл міндетті түрде жемісін жегізеді. Оны әдетте спортшылар, әртістер, музыканттар және бизнесмендер пайдаланады. 


2. Оңай жолы – бүкіл әлемге тән тылсым күшті пайдалану. Сырттай бақылаған адамға таңғажайыптар болып жатқандай әсер беруі мүмкін. Алайда екі тәсіл де әлемнің тылсым күшінің заңдылықтарына сүйене отырып жүзеге асады.


Барлығымыз да бала күнімізде ертегілер тыңдап өстік. Оның жалған екенін ұмыттық. Десе де басты кейіпкердің арманына жету үшін түрлі қиындықты бастан кешіретінін білеміз. Ертегілерден бөлек батырлық жырларды алып қарауға болады. 

Жоғарыда жазылған екінші тәсілді пайдалану үшін әлеммен ерекше байланысқа түсу керек. Бақсы болсын, балгер болсын рәсімді жүргізбес бұрын ерекше күйге түседі. Бірі – шам жақса, екіншілері – ата-баба рухтарын шақырады. Әрбір адам - құдіретті күштің иесі. Өкінішке орай, бұл күшті екінің бірі өз керегіне жарата бермейді. 

Сол секілді арманын жүзеге асырмақ ниетпен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Нұра ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Жанерке Жұмабайқызы есімді массагеттік оқырманымыз  редакциямызға келді. Саусағынан бал тамған аспаз сіңілім болашақтың қамын бүгін ойлап, меңгеретін саласы туралы тереңірек білуді жөн көрген екен. Бала арманын құшағына басып келген оқырманымызды күтіп алып, журналистиканың түрлі қырымен, өзі жүздесуді армандап келген әріптестеріммен таныстырдым. 

Небары 8 сыныпта оқитын қыздың білімге деген құмарлығына, сөз саптап, өз ойын еркін жеткізе білетіндігіне риза болдым. Сайтымыз туралы аз-кем пікірін сұрап, журналистика саласындағы ең мықты деген мамандармен жолықтырдым. 

Жұлдыз FM радиосында әншілермен кездесу өткіздік. Бірер сағат Шахризат мырзаман әріптес те болдық. 

Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда, 
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға, - деп бекер айтылмаса керек. Аяулы массагеттік достарым! Армандаудан жалықпаңыздар. Бізді болашаққа жетеліп, әр күнімізге нұр сыйлайтын - сол арман. 

Ал Сіздің қандай арманыңыз бар? Оның орындалуы үшін не істеп жүрсіз?

Сурет: Бауыржан Жақсымбет

Қ. Бүйенбай