Мамандықты темпераментіңізге сай таңдаңыз

Мамандықты темпераментіңізге сай таңдаңыз

Мамандық таңдау – кез келген түлектің басынан өтетін, жауапкершілікті барынша талап ететін маңызды қадам. Оның дұрыс таңдалуы интеллектуалдық біліктілік пен қызығушылыққа байланысты емес. Мұнымен қатар, темпераментімізді де ескерген жөн. Болашақта жұмысыңыз ойыңыздан шығатынай етіп қалай таңдауға болады? Кезекті материалымызда осы тақырыпты талдаймыз.
Ең алдымен, қай типке жататындығыңызды анықтап алыңыз. Әдетте, психолог мамандар 4 темпераментті көрсетеді. Олар – холерик, сангвиник, флегматик, меланхолик.
Холериктер - еш қиындықтан қорықпайтын, үнемі бірінші болуды мақсат тұтатын жандар. Өзінің мүмкіндіктерін тым әсірелеп жібереді, әрі сенімділігі тым жоғары. Бұл адамдар тұрақсыз, бірақ өте талантты. Олар жаңа жұмысқа білек сыбана кіріскенімен, бастаған жұмысын аяқсыз қалдырады. Басшылықтың айтқанына көне бермейді, дара жүруді ұнатады.
Өзі бастық болатын жерде табысқа оңай жетеді. Мұндай адамдар сарқылған күшін тез қалпына келтіретіндігімен, күйзеліске қарсы тұра білетіндігімен мақтана алады. Бір орында отырып жұмыс істей алмайды. Егер өзіңізді холерик типіне жатқызсаңыз, есепші, кеңсе қызметкері, кітапханашы секілді жұмыстардан сақтаныңыз.
Холериктердің типіне сай келетін жұмыс эмоцияға толы, әркелкі болуы керек. Жүргізуші, ұшқыш, жаттықтырушы, тергеуші сынды жұмыстар сай келеді. Мұнымен қатар, өздеріңізді журналист, режиссер, жүргізуші, оператор сынды мамандықтарда байқап көруге кеңес береміз.

Әдетте, оташы, геолог, өрт сөндіруші сынды мамандықтарға жылдам үйренеді.
Ал, флегматиктер өте сабырлы, бастаған ісін соңына дейін жеткізеді. Шешімді ұзақ уақыт ойланып барып қабылдаса да, әрдайым табысты нәтижеге ие. Өте еңбекқор келеді. Көбіне билікке құмартпайды. Тұрақтылықты қажетсінеді.
Қиын-қыстау кезеңде дүрбелеңге салынбай, өз эмоцияларын қадағалай біледі. Күйзелісті ситуацияларда өте жақсы жұмыс істейді. Олардан физика, химия, астрономия, математика салаларында мықты ғалым және тәуір экономист, есепші шығады. Есеп-қисапқа өте жақын болғандықтан, жақсы бағдарламашы да бола алады.
Бір уақытта бірнеше жұмысты қатар орындап, ұйымдастырушылық қабілетіңіз жоғары болса, сангвиник болғаныңыз. Сангвиниктер табиғатынан басқарғыш келеді. Олардан ұжымның сүйіктісі, әділ бастық шығады. Бұл адамдар кез келген адамды өз ырқына көндіре алады.
Оларға психолог, мұғалім, қоғаммен байланыста болатын кез келген қызмет, менеджер мен ұйымдастырушы сынды мамандықтар тән.
Егер жоғарыдағы сипаттаманың жартысы сай келіп, ситуацияға көңіл-күйіңізге орай бейімделетін болсаңыз, сіз – меланхоликсіз. Олардың болмысы өте нәзік әрі сезімтал келеді. Оташы, ұшқыш, өрт сөндіруші, құтқарушы, психолог сынды үнемі адамдармен қарым-қатынаста болуға мәжбүрлейтін мамандықты таңдаудың қажеті жоқ. Гуманитарлық салалармен, ауыл шаруашылығымен айналысуға, композитор, мал дәрігері сынды мамандықтар таңдауға кеңес беріледі.
Психолог мамандардың айтуынша, бір адамның бойында бір ғана темпераменттің кездесуі мүмкін емес. Олар араласып келеді. Егер өзіңізді сырттай бақылауға тырысып көрсеңіз, темпераментіңізді дұрыс анықтай аласыз. Бұл болашақта дұрыс мамандық таңдауға көмектеседі.

Ал, Сіздің темпераментіңіз қандай?

Қ. Бүйенбай