Бұл сұрағымды үй тапсырмасын орындайтын кезде жалқаулана түсетін оқушыларға бағыттаймын. Бір сәтке не себепті жалқауланатыныңыз туралы ойланып көріңізші. Мүмкін төмендегі себептердің сізге қатысы бар шығар:
- сіз үшін үй тапсырмасы мезі ететін құбылыспен тең;
- сіздің одан да ұнамды қызығушылықтарыңыз бар;
- денсаулығыңыз қатты нашарлауда;
- белгілі бір себептермен көп сабақты жіберіп алдыңыз;
- үй тапсырмасын орындауға отбасы мүшелері көмектеспейді;
- үйге қонақ көп келетіндіктен, үй тапсырмасын орындауға мүмкіндік жоқ;
Өзіңізге тиесілі себептің астын сызып қойған болсаңыз, оларды талдайық.
Егер сабақты мезі ететін құбылыс деп танысаңыз, бұл сізді ақтамайды. Тек ойын баласы ғана «ойыма келгенімді жасаймын» деген қағидамен өмір сүреді. Бірақ, сіз кішкентай бала емессіз! Үнемі екілік алып, ата-анаңыздан ұрыс естігенше, бестік алып қуантқаныңыз артық.
Әдетте, жалқау оқушылар оқудың еш пайдасы жоқ деп сылтауратады. Және мұны қайдан шығардыңыз? Сіз ешкімнен кем емессіз. Аз ғана еңбектене түссеңіз, міндетті түрде табысқа жетесіз.
Егер үлгеріміңіз нашарлап кеткен болса, ұстазыңыздан немесе сыныптастарыңыздан көмек сұраңыз. Олар өз кезегінде қол ұшын береді деген ойдамын. Мұны көпке созбауға кеңес беремін. Істі ерте қолға алсаңыз, соғұрлым ертерек аяқтайсыз.
Мүмкін үй тапсырмасын ешкім тексермей, қараусыз қалғандықтан, оқымай жүрген боларсыз? Бұл жағдайда дербес болып үйренуіңізге тура келеді. Өйткені, сіз есейдіңіз. Анаңыз немесе әжеңіз үшін оқудың қажет емес екенін жақсы түсінесіз.
Екілік бағаны үй тапсырмасын орындауға уақыт таппай жүргендіктен, орындамаған болсаңыз, тайм менеджмент (уақытты үнемдеу технологиясы) туралы ойлануыңызға тура келеді. Мысалы, сабақтан кейін бірнеше үйірмеге қатар барып жүруіңіз көптік етіп жүрген шығар?
Ал Сіз үй тапсырмасын жылдам орындайсыз ба?
Сурет: arnapress.kz