- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Оқушы қыздар қандай...
Оқушы қыздар қандай қателік жібереді?
Өзіңізбен қатарлас қыздардың жіберетін қателігі – эстрада, фильм жұлдызына немесе сыныптағы ең әдемі қызға еліктеу. Мысалы, еліміздің ең сұлу жұлдызы Мәдина Садуақасоваға ұқсап, шашын дәл сол үлгіде кестіретін қыздар да бар. Кейде, тіпті, кумирінің жүрісіне салып, қимыл-қозғалысын қайталап, сөйлеген сөзіне дейін көшірмелейтін жандар болады. Алғашқы баспалдақта еліктеу орынды. Мәдинадай халқын нәзік даусымен тербеген әншімізге тағар еш мінім жоқ, алайда, мектеп жасындағы оқушы қыздың өзінен әлдеқайда жасы үлкен әйелге тән қылықтарды жасауы көзге де, көңілге де жат.
Мұнымен қатар, көшірмесі болып жүрген сыныптасыңыз да өзінің сіздей «егізінің» пайда болғанына қуана қоймайтыны анық. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, біреу дәл сіз секілді киініп, сөйлейтін болады. Қандай әсерде боласыз? Меніңше, көкейіңізде мазақтап тұрғандай сезім пайда болады. Бұдан кейін «егізіңізбен» жақсы қарым-қатынаста бола аласыз ба?
Адамның жеке тұлға болып қалыптасуынан артық еш нәрсе жоқ. Жер бетінде барлығымыз бірдей болсақ, қандай әсерде болар едіңіз? Өзге адам болып көрінудің қандай қажеті бар? Менің сізге айтарым: «Жақсы көшірмеден, жаман түпнұсқа артық».
Оқушы өзінің тұлғалық қасиетін көрсетуге ұялған кезде шарасыздықтан өзге біреуге еліктейді. Яғни, жүрегінің түбінде «Мені осы қалпымда ешкім қабылдамайды» деген қорқыныш өмір сүреді. Сол қорқыныштың салдарынан оқушы көзге түспеуді жөн көреді.
Бойыңызда тұнып жатқан талантыңыз бен ерекше қасиеттеріңізді көрсетуден еш қорықпаңыз. Жасандылықтан аулақ болыңыз. Сол кезде бұл қасиетіңізді айналаңыздағылар бағалайтын болады. Сіздің өзгелерге қарағанда суретті жақсы салып, немесе домбырада жақсы ойнайтыныңызға ешкім де күлмейді.
Сыныптастарыңызға ұнау үшін міндетті түрде жасандылық танытып, өзге біреудің кейпіне енудің қажеті жоқ.
Өмірде өз таңбаңызды қалдырыңыз! Мұнымен қатар, жігіт қауымы табиғи сұлулықты ұнатады. Ал, табиғи сұлулық дегеніміз – жан-дүниемізде өмір сүріп жатқан тұлғаны көрсете білу.
Ал Сіздің еліктеу туралы ойыңыз қандай? Мүмкін, жақсы адамның көшірмесі болуда тұрған не бар деген ойда шығарсыз? Пікіріңізбен бөлісе отырыңыз.
Сурет: massaget.kz, szh.kz
Қ. Бүйенбай