Сыныптасымыздың кемшілігін бетіне айтқан дұрыс па?

Сыныптасымыздың кемшілігін бетіне айтқан дұрыс па?

Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі демекші, кейде өзіміз білместен достарымызды ренжітіп қоятын сәттер болады. Бір қызығы, оларды не үшін ренжіткенімізді білмейміз. Мұндай жағдайға тап болмас үшін әр нәрсенің орнын білу керек. Ұстазым Күләш Ахмет айтқандай, сынды мақтамен бауыздағандай етіп жеткізе білудің маңызы зор. Сол кезде сынды қабылдаушы жақ ренжімейді, әрі қателігіне меңзегеніңіз үшін алғыс білдіреді.

Мысалы, сыныптасыңыз Шерханның жейдесінің жағасы кірлеп қалғанын көрдіңіз. Шамасы мұны өзі байқамаған. Есесіне, өзгелер бірден байқап, оны «кір-қожалақ» деп мазақтауда. Оған бұл туралы қалай айтамыз? Және айтқан дұрыс па? Негізі бұл сіздің шаруаңыз емес. Жуынғысы келмей ме, өзі білсін. Бірақ, көп ұзамай сыныптастарыңыз оны көзінше мазақтай бастауы мүмкін. Яғни, қалай да болсын айту керек! Ал, мақтамен бауыздағандай етіп қалай айтуға болады?

Біріншіден, ащы шындықты ешкім жоқ жерде айтқан жөн. Екіншіден, көмектесу мақсатында ғана. Үшіншіден, нәтиже болатындай етіп жеткізген дұрыс. Қиялыңызды іске қосыңыз: «Шерхан, жағама қарап жіберші. Кірлеп қалған сияқты. Барлығы біртүрлі қарайды. Таңертең жуынуға еріндім. Таза ма екен? Қызық жағдай. Мүмкін, менің көңіліме келмес үшін солай айтып тұрған шығарсың? Бүгін сен де жуынуға ерінген сияқтысың ғой. Сенің де жағаң кірлеп қалыпты».

Бұл тұспалыңызды Шерхан секілді досыңыз бірден түсінеді деп ойлаймын. Әрі ренжи қоймайтыны анық.

Алайда, айтуға болмайтын шындық бар. Мысалы, Бауыржанның бойы қысқа болса, мұны қайта-қайта есіне салудың қажеті жоқ. Кемшілігін өзі де біліп, алаңдап жүрген болар.

Бұдан шығатын қорытынды: шындықты бір нәрсені өзгерте алатын кезде ғана айтқан жөн. Және мүмкіндігінше көңілге тимейтіндей етіп жеткізу керек.

Егер өзгеріс енгізу мүмкін болмаса, шындық тек маңдайға қадалған шөгірмен бірдей болмақ. Ал мұның не керегі бар?

Ал Сіз сыныптасыңыздың кемшілігін қалай жеткізесіз? 

Сурет: voxpopuli.kz (өңделген)

Қ. Бүйенбай