Сыныптастарыңызбен не себепті сыйыңыз жараспайды?

Сыныптастарыңызбен не себепті сыйыңыз жараспайды?

Бірден ескертеміз: сыныптастарыңыз бастапқыда қалай қарсы алса, жыл бойы қарым-қатынастарыңыз өзгеріссіз қалады. Сондықтан, өзге оқушылармен сөзіңіздің жараспай жатқандығын байқасаңыз, жылдам әрекет жасаңыз.
Олармен достасу мақсатында еш пайдасы жоқ түрлі амал-тәсілді жүзеге асырып көрген шығарсыз? Мысалы, кәмпит сыйлау, үй тапсырмасын көшіруге беру және т.б. Аталған амалдар жүзеге аспағандықтан, басқасын ойлап табу керек.
Достарыңыз салқын қабақ танытып жүрсе, мұның себебін анықтауға тырысу керектігі жайлы бұған дейінгі материалдарда жазған болатынбыз. Осыған орай төменде бірнеше себеп келтірдік:
1-себеп: Сіздің мінезіңіз басқаларынікімен салыстырғанда өзгеше. Мысалы, сіз жастайыңыздан домбыраның құлағында ойнап, дәстүрлі әндерді тыңдауды жақсы көресіз. Арманшылсыз, романтикалық фильмдерді жиі қарайсыз. Олардың тыңдап жүрген әуендерін мүлдем түсінбейсіз, оның орнына роман оқуды жөн көресіз. Сыныптастарыңыз сізді мезі етіп жіберетін адам ретінде қабылдайды.
Мұндайда қалай әрекет жасаймыз? Жәй ғана қызығушылық үшін сыныптастарыңыздың қандай әуендер тыңдап жүргенін байқап көріңіз. Әркімнің өз шындығы бар демекші, олардың дәл сол әуендерді тыңдауының бір себебі бар шығар? Мүмкін сыныптастарыңыз сіз ойлағандай ақымақ жандар емес болар? Олардың ішінде ақылдылары да болуы мүмкін. Өзгелерге қызығушылық танытатын болсаңыз, олар да сізге назар аудара бастайды.
2-себеп: Ұяңдығыңыздың арқасында достарыңызбен бірге ойнаудан именесіз. Бір ақымақтық жасап, барлығы күле ме деп ойлайсыз. Жүрегіңіздің түбінде достарыңыз өзі келіп шақыра ма деп армандайсыз. Бірақ, бұл арманыңыз жақында жүзеге аса қоймайды.
Мұндайда қалай әрекет жасаймыз? Бірінші қадамды өзгелері жасайды деп ойламаңыз. Мүмкін өзіңіз әңгімелесуге қызығушылық танытпағандықтан, мазаламауды жөн көрген шығар? Олар сіздің ұялшақ екеніңізді білмейді ғой. Өмір бойы жалғыз қалғыңыз келмесе, батыл болып үйреніңіз. Сөз бастау бәрінен де қиын екенін жақсы білеміз, десе де, барлығымен бірінші болып амандасып көріңіз. Олардан өзіңізді ойынға қосуын сұраңыз. Уақыт өте келе қорқақтығыңыз бен ұяңдығыңыздан арыласыз.
3-себеп: Сыныптастарыңызға қарағанда талғамсыз киінесіз. Ата-анаңыздың сәнді киімдер сатып алып беруге ақшасы болмағандықтан, сапалы киімдер киетін сыныптастарыңыздың арасында ұяласыз.
Мұндайда қалай әрекет жасаймыз? Біріншіден, ұсқынсызбын деген комплекстен арылыңыз. Есіңізде болсын! Адамды қымбат киім немесе сәнді етігі үшін құрметтемейді. Оның адамгершілін, мейрімділігін, өзге жанды түсіне білуін бағалайды. Егер үнемі жадырап, айналаңыздағыларға түсіністікпен қарайтын болсаңыз, киіміңізге ешкім де мән бермейді. Бастысы – киіміңіз таза болсын.
4-себеп: Араларыңызда бәлендей айырмашылық байқалмайды. Бірақ, ешкім сізбен дос болғысы келмейді. Мұның себебі неде екен?
Мұндайда қалай әрекет жасаймыз? Өзіңізге деген көзқарастарын өзгерткіңіз келсе, олардың не нәрсеге қызығатындығын анықтаңыз. Қызығушылықтары заманауи әуендермен киноға, сән журналдарына байланысты болуы мүмкін. Сіз де ешкім естімеген жаңалықты бірінші біліп, өзгелерге тарту етіңіз. Шын мәнінде, олардың қызығушылықтарымен бөліспесеңіз де, айлаңыз пайдаңызға жарайтыны анық. 

Ал Сіз мұндай жағдайда қандай айла-тәсілдерді пайдаланасыз?

Сурет:massaget.kz

Қ. Бүйенбай