Сыныпта қандай топтар болады?

Сыныпта қандай топтар болады?

Айналаңызға жақсылап зер салсаңыз, сыныптастарыңыздың бірнеше топқа бөлінетінін байқайсыз. Бір қызығы, оларды топқа ешкім бөлмейді. Бірақ, сырт көзге бір-бірінен ерекшеленетіндіктері байқалады.

Біріншіден, сыныпта ерекше құрметке ие болып жүретін "көшбасшылар" бар. Барлығы да бұл оқушыларға құлақ асып, еліктеуге тырысады.

Бұдан кейінгі топты "орташалар" құрайды. Олар сынып ішінде айтарлықтай беделге ие болса да, аспандағы жұлдызды ұстауға ұмтылмайды. Мүмкіндігінше, көшбасшыларға жақын жүруді жөн көреді.

Үшінші топқа «момындар» жиналған. Сыныптастары оларды көп елей бермейді. Туған күнге, бастаңғыларға мүлдем шақырмайды. Мұнымен қатар, жек көрмейді.

Келесі бір топты «санда бар, сапта жоқ» адамдар құрайды. Өкініштісі, сыныптастары оларды мүлдем ұнатпайды. Мұндай балалармен ешкім парталас болғысы келмейді. Дене шынықтыру сабағында командалық ойындар басталған кезде аталған топқа кіретін оқушыларды шақырмайды.

«Санда бар, сапта жоқ» деп аталатын топта екілік немесе тәртібі өте нашар оқушылар бар деп түсінбеу керек. Керісінше, олар өте ақылды әрі сүйкімді жандар болуы мүмкін. Егер осы топтың қатарында сіз де бар болсаңыз, жолыңыздың болмағаны. Бірақ, бірден көз жасыңызды төгуге асықпаңыз. Оның ешқандай пайдасы жоқ. Бірден көшбасшы атанып кетпесеңіз де, орташалардың қатарына қосылуға болады.

Өзіңізге мұқият қарайлаңыз. Не себепті сізбен ешкім достасқысы келмейді? Мүмкін тазалықты жақсы көрмейтін шығарсыз? Әлде достарыңыздың артынан өсек сөз айтуды ұнатасыз ба? Немесе сыныптастарыңызбен ортақ тақырыптарыңыз жоқ шығар?

Әр сыныптың өзінің қызығушылығы мен құндылықтары бар. Шетелдік әуенді тыңдайтын оқушыны қазақы әуенді сүйіп тыңдайтын оқушылар жақтырмауы мүмкін. Немесе сыныптағы көп ұл тазалыққа мән бермей, компьютерлік ойындарды күні-түні ойнауы мүмкін. Ал, өзіне қарайлап қалған жігітті олардың «қызтеке» деп атауы ғажап емес.

Бір сыныпта қатарластарына сіңісе алмаған оқушы, өзге сыныпта тілектестерін табуы мүмкін.

Қызыушылығыңыз сыныптастарыңыздыкімен бірдей болмай, ортаға сіңісе алмай жүрген болсаңыз, мектеп ауыстыру керек шығар? Әрине, жаңа мектепте де сізді құшақ жая қарсы алады деп айтпаймыз. Десе де, қарым-қатынастарыңызды ретке келтіруге мүмкіндік туады.

Мектепті ауыстыру мәселесін тек соңғы орынға қойыңыз. Келесі материалымызда сыныптастарымызбен қалай татуласып, жылы қарым-қатынас орнатуға болатындығы туралы жазатын боламыз.

Ал Сіз осылардың ішінде қай топқа жатасыз?

Сурет: massaget.kz

Қ. Бүйенбай