10 қыркүйек күні, сағат 11:00-де елімізде жалпыхалықтық диктант ұйымдастырылатынын хабарлаған едік. Аталған акцияға барлығы 180 мың адам қатысып, латын графикасы негізінде диктант жазды. Қалам алып, жазу жазған жандардың арасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, ҚХА "Жаңғыру жолы" республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай сияқты белсенділер де бар.
Бүкіл Қазақстан аумағын қамтыған шара 40 минутқа созылды. «Тілдер күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл бастамаға еліміздегі мектептер мен ЖОО-ы, кітапханалар мен мәдени орындар қолдау білдіріп, бір мезетте латын қарпінде диктант жазды. Диктант тақырыбы – "2019 jyl – Jastar jyly". Мәтінді онлайн форматта ғалым Камал Әлпейісова оқыды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл идеяға қуат беріп, Нұр-Сұлтан қаласының диктант жазуға ниет білдірген тұрғындары мен қонақтарын Ұлттық академиялық кітапханаға жиған. Аталған орынға 200-ге жуық қала тұрғыны келді. ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев кітапханаға жиналған көпшілікті айтулы шарамен құттықтап, белсенділіктері үшін алғыс білдірді.
"Бүгін бір мезетте 180 мың қазақстандық латын қарпінде диктант жазуға ниет білдірді. 2017 жылы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданғанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің барлық елді мекендерінде осы патриоттық актіге арналған жалпықазақстандық ашық диктант өткізуге бастама көтерген болатын. 2018 жылғы жалпықазақстандық диктанттың тақырыбы Тәуелсіз Қазақстанның жауһары – бас қаламыздың 20 жылдығына арналды. Бүгін осы патриоттық және ағарту акциясын жүргізу арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясы әрқайсымыздың бойымызда нағыз қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыруды мақсат етеді. Елдің жазу тарихындағы жаңа қадамды қолдау арқылы біздің бойымызда Отанымызды сүю, сауатты жазу, мемлекеттік тілді құрметтей білу қасиеттері тереңдей түсері анық", - деді Жансейіт Түймебаев.