- Негізгі бет
- Алтын ұя
- Ғарышкерге қойылатын 5...
Ғарышкерге қойылатын 5 талап
Ғарышкер болуды армандамаған бала жоқ шығар. Бұл мақаламыз болашақ ғарышкерлерге арналған. Космосқа саяхат жасау үшін қандай дайындықтардан өту керек? Ғарышкер аспанда немен айналысады?
Ғарышкерге қойылатын талаптар
Ғарыш сапарына әзірлікке жеті жылдан он бес жылға дейін уақыт жұмсалады. Әр үміткердің жалпығарыштық дайындығына бір жарым-екі жыл, топтағы дайындығына екі жыл уақыт кетеді. Арасындағы еңбек демалыстары мен медициналық тексерістерді қоса есептегенде 5 жыл сарп болады. Ғарышкердің жоғары білімі, үш жыл еңбек өтілі болуы міндетті. Салмағы 50-90 келі аралығында болуы тиіс. Ағылшын тілін жақсы білуі шарт. Гуманитарлардың ғарышкер болу мүмкіндігі төмен. Дегенмен ғылымның дамуымен бұл кедергі жойылады деген болжам бар.
Ғарышкердің физикалық дайындығы
Ғарышқа ұшарда кандидаттың біріншіден төзімі, жылдамдығы, ептілігі сыналады. Бағдарламада үш жарым минутта 1 шақырымды жүгіріп өту, белтемірге 14 рет тартылу, батутта 360 градуста айналып секіру сынды жаттығу түрлері бар. Бұл дайындықтың аз бөлігі ғана. Ұшақта, пойызда басыңыз айналатын болса, ғарышкер болуға жарамайсыз. Бір сөзбен айтқанда, кандидаттың вестибулярлы аппаратында кем-кетік болмауы қажет.
Психологиялық дайындық
Психологиялық әлеуетіне, үміткердің темпераментіне қатысты нақты талап жоқ. Меланхолик немесе холерик типіндегі кандидаттарды ғарыш сапары еркелете қоймайды. Сондай-ақ ғарышкердің есте сақтау қабілеті мен қағылездігі жоғары деңгейде болуы тиіс. Бұл кез келген экстремалды жағдайдан оңай шығуға көмектеседі. Сонымен қатар ғарышкердің пунктуал болғаны абзал. Ғарыштық операцияларды орындағанда бір минутқа да кешігуге болмайды. Бұл жаттығулар екі жылдық дайындық бағдарламасына кіреді. Бұған қоса 150-ге тарта емтихан мен сынақ бар. Экипаж құрамы кандидатты бекітсе, 18-24 айға дейінгі уақыт алғашқы ғарыш сапарына бағдарлама бойынша әзірленуге жұмсалады.
Салмақсыздық күйіне әзірлік
Дайындықтың көп бөлігі аспан денелері мен ұшу динамикасын, борт жүйесі мен ғарыш құрылғыларын зерттеуге кетеді. Ұзақ жаттығу кезінде ғарышкердің бойында салқынқандылық, көпфункционалдылық сынды аса маңызды қасиеттер пайда болады. Парашютпен жасалатын жаттығулардың маңызы жоғары. Жерден 1200 метр биіктікте парашютті ашудың да өз құпиялары бар. Бұл қолыңыздан келмесе, парашют автоматты түрде ашылады. Бірақ тапсырманы орындай алмаған болып шығасыз. Ұшуға әзірліктің ең маңызды бөлігі – салмақсыздыққа бой үйрету.
Кеплер параболасы
Жер бетінде салмақсыздық күйі тек «Кеплер параболасы» деп аталатын траектория бойынша жасалады. Бұл жаттығуды жүзеге асыру үшін ғарышкерлерді даярлау орталығында «Ил-76 МДК» зертхана ұшағы пайдаланылады. Сеанс кезінде аты-жөніңізді жазып, қол қою сынды тапсырма берілуі мүмкін. Еншіңізде 22-25 секунд қана болады. Сонымен қоса салмақсыздық күйіне бейімделу үшін гидролабораторияда су астындағы жаттығуларды орындау қажет. Америкалық ғарышкерлердің пікірінше, бұл жаттығуларды жерде жасаудың қажеті жоқ. Атмосфераға салмақсыздық тән емес. Ал Ресей ғалымдары бұған керісінше ерекше мән береді. Олардың пікірінше, ғарышкер ұзақ уақыт өткізетін ортаға неғұрлым бейімделе түссе, кез келген стресті оңай еңсереді.
Ғарышкер немен айналысады?
Ең қызық та күрделі процестердің бірі – ғарышкердің Халықаралық ғарыш станциясын зерттеуі. Ұшуға бекітілген ғарышкердің иелігіне әрбір модульдің құрылысымен таныуға, орбитадағы ғылыми эксперименттерге дайындық жүргізуге, штаттық және апаттық жағдайларды пысықтауға мүмкіндік беретін ХҒС макеті беріледі. Станция ішіндегі жаттығулар әртүрлі, жылдамдатылған немесе баяу режимде өтуі мүмкін. Бағдарлама аясында ғарыш станциясының шетелдік сегменттерін, нақтырақ айтқанда, америкалық (NASA), еуропалық, (EKA), жапондық (JAXA) модульдерімен танысу үшін түрлі іссапар ұйымдастырылады.