- Негізгі бет
- Алтын ұя
- Елімізде бес оқушы...
Елімізде бес оқушы ғана оқитын мектеп бар
Еліміздегі ең шағын мектеп Солтүстік Қазақстан облысындағы Бірлік ауылында ашылды. Мұнда небәрі бес оқушы бар. Бала санының аздығынан үш жыл бойы жабық тұрған білім ордасы биылдан бастап қайта жұмыс істеп жатыр. Бұған осы өңірге Қытайдан қоныс аударған қандастарымыз себеп болған.
Аудан әкімінің қолынан мектепке керек-жарағын алып жатқан Анар отбасымен биыл көктемде Қытайдан көшіп келіпті. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанын аудан орталығында тәмамдаған. Биылдан бастап ауылда оқитын болды.
«Мен Қытайда жақсы оқығанмын. Енді бұл жақта жақсы оқимын деген үміттемін. Мектеп ашылғаны да жақсы болды», - дейді 3 сынып оқушысы Анар Екпін.
Бірлік орта мектебі бала санының аздығына байланысты 3 жыл бұрын жабылған еді. Енді теріскейге Қытай мен Талдықорғаннан көшкен он отбасындағы бес бала оның қайта ашылуына сеп болып отыр. Қоныс аударғандардың кейбіріне білім ошағынан жұмыс та табылыпты, деп хабарлайды КТК.
«Осы мектепке мені жұмысқа орналастырғалы жатыр. Және де зейнетке шыққанша жасым елуге келді, шамам жеткенше осы Бірлік ауылындағы мектепке көмегімді тигізсем деймін», - дейді Бірлік ауылының тұрғыны Әлен Оразалы.
Бірлік мектебіндегі бес балаға сабақ беретін екі мұғалімнің бірі осы мектептің түлегі. Бір кездері оқушыға толы сыныптар бүгінде елес болып қалды дейді ол.
«Біз оқып кеткен кезде, 11 жылдық мектеп болатын. Бұның алдында мұғалім мен оқушылар саны көп еді. Қазір екеу. Мен және тағы сол қазақ тілі мен әдебиетінен беретін мұғалім. Екі мұғалім», - дейді Гүлдана Ахметова.
Ең шағын мектеп ғимаратын жөндеуге үш жарым миллион теңге жұмсалған екен. Оның сыртында бір жарым миллионның қазандығы бар. Ал екі мұғалім мен бес балаға от жағушы, еден жуушы, күзетші мен мейірбикені қосқанда 8 адам қызмет көрсетпек. Жергілікті билік келер жылы бала саны көбейеді деп отыр. Өйткені оңтүстіктен осы ауылға тағы он шақты отбасы көшіп келеді деп күтілуде.
Дереккөз: bnews.kz
Е. Жұмабайұлы