Нұр-Сұлтан қаласында мыңнан астам педагог мамандардың қатысуымен "Мектеп әлемін өзгертетін – ұстаздар" халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр. Жиында бұрынғы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова қазіргі заманға сай мұғалім келбеті қандай болуы керектігін айтты.
"Уақытты тиімді пайдаланатын, міндеттерді нақты анықтай алатын, түйінді мәселелерді шешудің тиімді жолдарын тез табатын, өзінің міндеті үшін толық жауапкершілік ала алатын көшбасшы болуы тиіс", - деді Күләш Шәмшидинова.
Конференция барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов елімізде алғаш рет педагог мәртебесі туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын атап өтті.
"Бұл шешімді қоғам болып құптап отырмыз. Мұғалімді қолдау - болашағымызды қолдау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мұғалімдердің қатысуымен өткен Тамыз кеңесінде мемлекеттің білім саласына ерекше ден қойып, көңіл аударатынын көрсетті. Мұғалім жалақысынан бастап материалдық-техникалық база мен жаңа мектептер салуға қатысты үлкен жобалар іске асуда", - деді Елорда әкімі.
Аталған конференцияға еліміздің әр өңірінен келген мұғалімдер, ғалымдар, білім мекемелерінің басшылары, сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Норвегия, Франция, Испания, Ресей, Түркия, жалпы алғанда 17 мемлекеттің өкілдері қатысуда.