Әулетіндегі ұстаздардың жалпы еңбек өтілі үш ғасырдан асқан ардагер мұғалім

Әулетіндегі ұстаздардың жалпы еңбек өтілі үш ғасырдан асқан ардагер мұғалім

Ұстаз – ұлы тұлға. Бүгінде бар өмірін бала тәрбиесіне, мұғалімдік қызметке арнаған ұстаздар жетерлік. Сол мұғалімдерді бүкіл елге таныту мақсатында Tengrinews.kz редакциясы "Қазақстанның ұлағатты ұстаздары" жобасын қолға алды. Бұл жолы өмірін білім беру саласына арнаған ардагер ұстаз Қыпшақбай Кенжебек Қыпшақбайұлы жайлы материал ұсынамыз. 

Кенжебек Қыпшақбаев теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Білім беру саласында қызмет еткеніне 40 жылға жуық уақыт болған. 

"Алматы индустриалды техникумын, Қызылорда гуманитарлық университетін кәсіби оқу мамандығы бойынша бітірдім. 1977 жылдан бастап Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Бестам ауылындағы №205 мектепте зейнетке шыққанға дейін еңбек еттім. 39 жыл еңбек пәнінен ұстаздық еттім. Ұлдарға балға, шеге ұстаудан бастап, ағаштан түрлі бұйым жасаудың қыр-сырын үйретіп, адал еңбек етудің әдістерін игерттім деп ойлаймын", - дейді ұстаз.

Кенжебек Қыпшақбайұлының білім саласында еңбегі еленіп, біраз марапатқа ие болған. 

"Оған дәлел, еңбегімді бағалап, аудандық, облыстық грамоталармен бірге облыс әкімінің алғыс хаттарымен, 2015 жылы Білім және ғылым министірлігінің Алғыс хатымен марапатталдым. "Лучшие в образовании" атты халықаралық энциклопедияға еніп, "Лучшие люди" құрмет белгісімен марапатталдым. Одан бөлек түрлі шараларға да белсене қатысқанмын. 2009 жылы "Үздік ұстаздар әулеті-2009" атты облыстық байқауға қатысып, аудан намысын қорғадық. 2014 жылы облыста ұйымдастырылған алғашқы Еңбек күніне байланысты Қыпшақбаевтар әулетінде 17 мұғалім, олардың жалпы өтілі 315 жыл болуына байланысты мерекелік шараға қатысып, арнайы сыйлықпен, алғыс хатымен марапатталдық", - дейді Кенжебек Қыпшақбайұлы.

Кенжебек Қыпшақбаев. © Тұрар Қазанғапов

Ардагер ұстаздың айтуынша, ол жас кезінен еңбекке ерте араласып, қызмет ете бастаған.

"Бала кезімде түрлі арман болды ғой. Техникум бітірген соң жиһаз жасау фабрикасында жұмыс істедім. Кейіннен мектепте станоктармен бұйым жасауды үйрету мақсатында өзім тұрған жердегі мектепке келдім. Осылайша бала күнгі мақсатыма жеттім деп ойлаймын", - дейді ұстаз.

Сондай-ақ, көпжылдық тәжірибесі бар ардагер ұстаз мектеп оқушалыра жайлы және білім саласындағы өзгерістер жайлы ойымен бөлісті.

"Бұрынғы мен қазіргі оқушылардың көзқарасы, ойлау қабілеті өзгерген шығар. Бірақ баланың аты бала. Шыбықты түзу өсіргендей мәпелесе, сол тәрбие, сол білімді бала бойына сіңіруге болады. Қазір реформа көбейді, бірін меңгермей жатып, екіншісі келіп жатыр. Тіл үйрету жағдайы күрделенді. Экономика, бизнес біздің технологияның орнын басты. Білім сапасы төмен деген пікірмен келіспеймін. Егер деңгей төмен болса грантқа ие болушылар төмен болар еді ғой. Әрине, ауыл мектебінің хал-жайы белгілі. Президент жолдауындағы ауыл мен қала мектептерінің жайы туралы айтқаны жүзеге асса, ісіне адал мамандар болса деймін", - дейді Кенжебек Қыпшақбайұлы.

Жас мұғалімдерге берер кеңесім: білім деңгейін көтеріп, заман талабына сай үнемі ізденісте болу қажет. Өз пәнім бойынша айтатын болсам, ұлттық бұйымдарды жасап, оның қасиетін сезіндіре білу қажет, оны оқушыларға меңгертіп, елін, өнерін қадірлеуге дәріптеу қажет.

Кенжебек Қыпшақбаев қызмет еткен білім ордасында ардагердің атындағы кабинет ашылған.

"Ұзақ жыл қызмет етіп, өзімнің зерттеуіммен, қаржыммен жабдықтаған технология кабинетіне білім бөлімінің меңгерушісінің міндетін атқарушы Жібек Баймұратованың ұсынысын мектеп ұжымы қолдап, зейнетке шығарда есімімді берді. Бұл енді басқа ұстаздарға да үлгі болып, келешектеріне бағыт болады деп ойлаймын", - дейді ұстаз.

Кенжебек Қыпшақбаев. © Тұрар Қазанғапов

Ардагер ұстаз өз қызметін атқара жүріп, қоғамдық істерге белсене араласады екен. Ауылдағы алғашқы мешіт құрылысын бастан-аяқ жүргізіп, ұйымдастырған.

"Қазір ауыл әкімінің жанынан құрылған "Қауымдастық" ұйымының төрағасы ретінде ауылдың барлық ішкі жұмыстарына, шешімі қиын мәселелердің жолын табу сияқты істерді қарастырамыз", - дейді Кенжебек Қыпшақбаев.

"Қазақстанның ұлағаты ұстаздары" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп "Батырлар арамызда", "Жеңімпаздар", "Қазақстанның дарынды балалары" арнайы жобалары қолға алынған.

Massaget