Ағаштан басталған LEGO тарихы

Биллунн – Данияда орналасқан кішкентай қалашық. Бар болғаны 6 мыңнан аса тұрғыны бар қала ел астанасы Копенгагенге жақын. Бірақ жыл сайын бұл қалаға миллионға жуық турист келеді.

Биллунн қаласының көрінісі

Неге?

Себебі, Биллунн – LEGO компаниясының “отаны”. Жыл сайын бұл қалада 19 биллион LEGO бөлшектері осы қалада жасалып шығарылады. Иә, иә, 19 биллион. Бұл бөлшектер түрлі түсте, түрлі қалыпта, түрлі көлемде өндіріліп, түрлі LEGO қаптамасына салынады. Бұл фабрикадан бөлек тағы да төртеуі бар: олар Чехияда, Венгрияда, Қытайда және Мексикада орналасқан. Олардың бәрі бір жылда 90 биллион бөлшек жасап шығарады. Оған қоса, олар LEGO көліктеріне арналған 700 миллион резеңке дөңгелек өндіреді.

Келген туристер 1968 жылы ашылған LEGOLAND-қа жасы да, кәрісі келеді екен. Викингтер, Ллойдтың лазерлі лабиринті, LEGO патшалығы, DUPLO ұшағы, айдауға болатын LEGO көліктері және тақырыптық түрлі ойын алаңдары бар.

Сонымен, LEGO компаниясы Биллунн қалашығына қашан және қалай келді?

Оле Кирк Кристиансен

LEGO тарихы 1930 жылдан Оле Кирк Кристиансен атты шебер ұстадан бастау алады. Ол сіз танымайтын танымал адамдардың бірі.

Оле Кирк Кристиансен 1891 жылы Данияның Филсков ауылында дүниеге келген. Он баланың кенжесі. Әулет бай-бақуатты болмаған. Тіршілік қамына тым ерте араласқан ол отбасына көмектесе бастайды. Ермек етіп, ағаштан көлік ойып жасайды. Ер жеткен соң, үлкен ағасынан ұсталықты үйренеді. Біраз жылдан кейін Оле алдымен Германияға, кейін Норвегия көшеді. Ол өзі секілді қабілеті бар шебермен жұмыс істесем деп ойлайды. 1916 жылы Оле Кирстен Соренсен атты әйелмен отасып, Данияға қайта көшіп, Биллунндағы ауылға орналасады.

Жарымен

Оле тозығы шыққан үйлерді жаңалап және жаңа үй салуды кәсіпке айналдырады. Кейін өзі ағаштан, темірден жасаған бұйымдарын және құрылыс заттарын сататын дүкенін ашады.

Жас отбасының 3 баласы болады. 1924 жылы екі ұлы ағаш жоңқаларымен ойнап отырып, абайсызда ұстахананы өртеп алады. Ұстахана жанындағы шебердің дүкені мен үйі қоса өртке оранады. Отбасы баспанасыз, отағасы шеберханасыз қалады. 

Кристиансен үйі, LEGO идеясы "дүниеге келген мекен"

Оленің ағасы олардың үйін жөндеуге көмектеседі, дүкені мен шеберханасы да жанданады, бірақ бұрынғыдан әлдеқайда үлкен болады. Оленің отбасы қайтадан тіршілікке кіріседі. 

Бірақ 1929 жылы әлемдік экономика құлдырай бастайды. Ұлы депрессия кезеңі басталады. Миллионға жуық еуропалық пен америкалық күнделікті жұмысынан, жинаған қаражатынан, тіпті үйінен де айрылып жатты. Ешкім ол жасаған сатыларды, жиһаздарды сатып ала алмады. Төрт баласының үшіншісі ғана оның көмекшісі болатын. Есімі – Готферд, жасы бар-жоғы 12-де болатын.

Кенет бір қайғыны бір қасірет жалғап отырды. 1932 жылы Оленің жары Кирстен қайтыс болды. Оле төрт баласын бір өзі бағып, қарады. Қанша жылдан бергі көрген қиындығы Олені ешқашан тоқтатқан емес.

Алғашқы ағаштан жасалған ойыншық

Бір қызығы, Ұлы депрессия кезінде де жергілікті тұрғындар Оленің боялған ағаш ойыншықтарын сатып алатын. Олардың қаражаты аз болса да, балаларының шат-шадыман күлкісін көру үшін ата-аналар сол ойыншықтарға тапсырыс беретін. Ең танымалысы дөңгелегі сырғыған кезде тұмсығы ашылып-жабылатын ағаш үйрек. Кейбіреулері төлей алмай да жататын. Бірақ Оле олардан ақша талап етпейтін. Бұған риза болғандары өздерінде бар көкөністері мен жұмыртқаларына айырбастайтын.

Бір кезде Оле бұрын жасап жүрген саты, жиһаздарын жасамай, тек ағаш ойыншық жасауға кірісуді шешеді. Бара-бара танымал үйректің қатары жеңіл әрі жүк көліктері қосылады.

Ағаштан жасалған алғашқы ойыншық

Оле жасаған бұйымдарының сапалы болғанын қалады. Бірде ұлы әрі көмекшісі Готферд әкесіне әдетте үш рет боялуы керек үйректі тек екі рет қана бояғанын және сол жеткілікті көрінетінін айтады. Алайда әкесі ренжіп, орамадағы үйректерді қайтадан бояуды тапсырады. Оле компаниясы “Ең бастысы – ең жақсысы” деген ұранды алға тартты. 1934 жылы Оле ойыншықтарына атау ойластырады. Даттық leg godt сөзін негізге алады, аудармасы “жақсы ойнау”. Сөз тіркесінің алғашқы екі дыбысын біріктіріп, компаниясының атауын LEGO деп атайды. Әрі бұл сөз латыншадан аударғанда “мен құрастырамын” деген мағынаны береді. Бұл ерекше әрі күтпеген сәйкестік болды.

Келе-келе компания көркейе бастайды. Жұмыссыз қалғандарды компаниясы шақырды, сөйтіп, компанияда 10 жұмыскер ойыншық жасады. 

Кристиансен ұстаханасы

Оле өзі Данияны және басқа да мемлекеттерді аралап, сауда орталықтарына өзі жасаған өнімдерін таныстырып, сатуды мақсат етеді. Алайда, сату қабілеті аз болғандықтан, басында әдбен қиналады. Бірақ, берілмей, өзі жасаған ойыншықтарының қалай дайындалатынын айтып, сапалы екеніне сендіре алады.

1934 жылы Оле Софи Джоргенсен есімді әйелмен шаңырақ құрады, кейін Улла есімді кішкентай қызы дүниеге келеді. 

Ұлы Отан соғысы (Екінші дүниежүзілік соғысы) да бұл кәсіпке зиянын тигізбей өтпеді. Фабрика түгел өртке оранады. Соғыс бітіп, ел тынышталған соң, ол фабрикасын бұрынғыдан да үлкен етіп қайта құрады. Қырыққа жуық жұмысшыны қызметке қабылдайды. Төрт ұлы да сол фабрикада жұмыс істейді.

Оле ойыншық кәсібінде революция болатынын білмеді. Бірақ фабрика бұған дайын еді.

Бұл не болуы мүмкін?

Себеп – пластик.

LEGO-ның алғашқы логосы

Соғыстан кейін ойыншықтарды ағаштан емес, пластиктен жасайтын болды. Өйткені, пластик ағаштан арзандау еді. Әрі онымен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл болатын. Ашық түстерге де бояу оңай еді.

Пластик бөлшектер жоғарғы қысыммен балқытатын машинада жасалатын. 1946 жылы LEGO алғашқылардың бірі болып сатып алады. Оле ағаштан ойылған ойыншыққа біраз уақыт жұмсайтын. Ал бұл машинамен бір уақытта көп ойыншық бөлшектерін жасауға болатынын түсінеді. 

Алғашқы пластик ойыншық – трактордың кішкентай көшірмесі еді. 

Оле балалар өздері құрастырып, жасай алатын ойыншық дайындағысы келді. Бірнеше жылға жуық LEGO балалар бір-бірінің үстіне қойып ойнайтын ағаш текшелер жасаған. Белгілі бір уақытқа дейін қызық болатын. Балақай текшелерді бір-бірінің үстіне орналастырғанымен, нақты бір зат жасай алмайтын. 

Алғашқы текше

Олені бұл мәселе қатты толғандырады. Біраз ізденген ол британдық Kiddicraft компаниясының құрылыс кірпіштері секілді ойыншық бөлшектерін кезіктіреді. Оле мен Готфредке бұл идея ұнайды. Соған ұқсас, бірақ өзгеше бөлшектер жасауды қолға алады. Алғашқы шығарылымда кірпіштердің іші бос болатын, сол себепті кірпіштер бір-бірімен дұрыс бекімейтін. Кейін қалыптардың ішіне үш түтікшеден салады. Сол үш түтікше екінші кірпішпен байланыстыратын бекітуші нүкте болады. Бұл идеясына патент алуды көздейді. 

Готфред Кристиансен 

Алайда 1951 жылы жасы алпысты алқымдаған Оле ауыра бастайды. Компанияға иелік етіп, тіршілігін жалғастыратын мұрагерін – Готфред деп таниды. Готфред LEGO-ның алғашқы өнімінің дизайнын жасайды.

2*2, 2*4, 2*6, 2*8 қалыбындағы бөлшектер

Оле өзі сырттай бақылап, әр бөлшекті, өнімді, шығарылымды мақұлдап отырды. Таңғаларлығы, негізгі бөлшек (2*4 деп аталады) ешқашан өлшемін өзгерткен емес. Қазір шығарылып жатқан кез келген бөлшек 1958 жылы шығарылған бөлшекпен құрастырыла алады!

1958 жылы Оле дүниеден өтеді. 1958-1960 жылдары арасында LEGO ойыншық дүкендерін өнімдері тегін жіберіп отыратын. 1960 жылы фабриканы тағы да тілсіз жау жалмайды. Сол өртте әкесінің сызған, жасаған ағаш ойыншықтары мен жоспары қалдықсыз өртеніп кетеді. Готфред осы оқиғадан кейін тек пластиктен ғана ойыншық жасау керек деп шешеді.

Бірде Готфред өнімдерін таныстыру үшін Англияға барады. Сатып алушылар дүкендер LEGO құрастырғыштарында белгілі бір жүйе жоғын айтып, шағымданады. Бұл шағым Готфредті көп ойландырады. Кейін дизайнерлердің басын қосып, LEGO құрастырғышына жүйе керегін, өзгеріс керегін айтады.

LEGO Town

Біраз уақыттан кейін дизайнерлер LEGO Town атты құрастырғыш кешенінің сызбасын ұсынады. Өз бағы, көліктері мен ғимараттары, үйлері бар қалашық кешені барлық балақайдың көңілінен шығады. 1962 жылы Готфред Кристиансен кез келген LEGO ойыншығы белгілі бір жүйемен шығарылатынын хабарлайды. Әкесінің аманаттап кеткен талабы да орындалады:

1. Жалықтырмайтын бөлшектер, түрлі түсті, бір-бірімен құрастырыла алатын ойыншық ешкімнің ішін пыстырмауы керек.
2. Ұл балаға да, қыз балаға да қызық болуы тиіс.
3. Кез келген жастағы адам ойнай алады.
4. Жыл он екі ай: уақыт таңдамай, кез келген уақытта, кез келген жерде ойнай алады.
5. Денсаулыққа зияны жоқ, тыныш отырып қана ойнайтын ойын.
6. Ұзақ уақыт: зеректі болуға, сабырлы болуға көмектеседі.
7. Қиялға ерік беретін, армандауға шекара сызбайтын ойын.
8. Бағасы да сапасына сай болуы керек.
9. Қосымша бөлшектері үнемі бірге беріледі.
10. Әр бөлшек сапалы.

Әкесінің қалдырған осы он қағидасы әлі күнге дейін сақталған. 

LEGO Town нұсқаулықпен

Балалар қорап сыртында көрген қалашықты көріп, сол секілді құрастыра алмай жататын, ішінде арнаулы нұсқаулық болмайтын. 1964 жылдан бастан әр қорапта нұсқаулық қатар жүреді.

Бастапқы оригиналды нұсқада бар болғаны қызыл, сары, көк, ақ және жасыл бөлшектер болатын. Ал қазір 60 мыңнан астам түс қолданылады екен.

Алғашқы LEGO DUPLO 

1969 жылы LEGO кішкентай бүлдіршіндерге арналған DUPLO құрастырғыштарын шығарады. Бөлшектер олардың саусақтарына ыңғайлы болу үшін қайта жасалған. Осыдан кейін ойыншық кешендерін жас ерекшеліктеріне сай бөліп шығаратын болды.

Ең үлкен LEGO

2013 жылы 23 мамырда Таймс Сквер алаңында ұзындығы 13 метрдей болатын X-Wing Starfighter кешені орналастырылған. 5 334 200 бөлшектен жасалған кешеннің  салмағы 20 865 кг болған. Отыз үш LEGO шебер бұл кешенді Чехияда 4 айға жуық уақыт жасаған. Үш күн халық назарына ұсынылған соң, Калифорниядағы LEGOLAND-ке апарылған.

Қазір бұл бөлшектер роботехникамен байланыстырылған. Кез келген адам қиялындағы қалыпты жасай алады. Трендке шыққан фильмдерден жүйелі кешендер уақытынан кешікпей ұсынылады. Оған қоса, LEGO-ның өз мультфильмдері де бар.

Нью-Йорктегі 5 авенью бойындағы LEGO дүкенінен көрініс