Массагет ұжымы ұстаздарды мерекесімен құттықтайды

Массагет ұжымы ұстаздарды мерекесімен құттықтайды
Фото: kutbilim.journalist.kg

"Ұстазсыз шәкірт тұл" деген сөз асылы бекер айтылмаса керек-ті. Өмір-көгіне қанат қағатын көгершіндердің қанатын қатайтатын да, оған дұрыс бағыт-бағдар беретін де ұстаз. Әлем елдерінде ұстаз мәртебесі ұлықталып, оны ең абыройлы мамандықтардың бірі есебінде насихаттайды. Ұстаз болу – ұлы мәртебе. Сондықтан Қазақ елінен бөлек ұстаздар күні әлемнің бірқатар мемлекеттерінде аталып өтеді.

Алғаш рет "Дүниежүзілік мұғалімдер күні" 1994 жылдың 5 қазанында тойланған. Содан бері барлық мерекелік кеш, мектепшілік іс-шаралар дәл осы күні аталып келеді. Негізі бұл мейрам 1965 жылдан бастап Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында бесінші қазанға бекітілген болатын. Алайда 1980 жылдың 1 қазанында КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығы бойынша "мұғалімдер күні" қазан айының бірінші жексенбісіне қойылды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де Қазақстан, Әзірбайжан, Белорусия, Қырғызстан, Латвия және Украина елдері бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісінде тойлап жүр.

Сонымен қатар Мұғалімдер күнінің тағайындалуына 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз салды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері "Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар" құжатына қол қойды.

Мұғалімдер күні – ең ерекше мерекелердің бірі. Осы орайда massaget.kz сайтының ұжымы білім нәрімен сусындатып жатқан барша мұғалімді келе жатқан төл мерекесімен шын жүректен құттықтайды.

Т. Раушанұлы