Білім және ғылым министрі оқулық сапасын жақсартудың 10 қадамын ұсынды

Білім және ғылым министрі оқулық сапасын жақсартудың 10 қадамын ұсынды
Фото: government.kz, edu.gov.kz

8 тамызда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде оқулықтар сапасы және мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиын өтті. Оған Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов қатысып, мектеп оқулықтары авторларының жұмысын сынға алды.

Кеңес барысында министр оқулықтарды сараптау рәсімін және республикалық ғылыми-практикалық "Оқулық" орталығының жұмысын сынға алды.

"Жыл сайын оқулықтардың сапасы туралы айтылып келеді. Оқулықтардың сапасына байланысты халықтың наразылықтары көп. Біз бұл наразылықтармен келісуіміз керек. Шынында да, қателер мен мәселелер бар. Біреу оларды қате деп есептейді, енді біреуі техникалық қате деп атайды, бірақ, қоғамды бұл қызықтырмайды. Біз оқулықтарды дайындаймыз және жұмыстың сапасы мен тиімділігіне мән беруіміз керек" - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр оқулықтардың сапасын арттыру үшін мынадай 10 қадам ұсынды.

1. Мұғалімдерді іріктеп, арнайы курстар өткізу және оларды оқығандығы жайлы куәландыру. Қатысушылардың тұрақты базасын қалыптастыру. Сарапшылар мен пәндік комиссиялардың құрамына енетін сарапшыларды мәліметтер базасынан жасырын әдіспен таңдап алу;

2. Оқулықтар авторларын курстан өткізу;

3. Сараптама жүргізу процесін жақсарту. Сарапшылар тұрақты түрде оқулықпен жұмыс істей алатын арнайы платформа ашу;

4. Электронды платформа арқылы баспаларға айтылған ескертулердің нәтижесін бақылау. Әр ескертуге нақты жауап болуы тиіс;

5. Оқулықтардың рецензиясымен жасырын жұмыс істейді. Оқулықтарды сараптау кезінде сарапшылар оқулықтың авторы кім екенін білмейді және осылайша құрастырушы тарапынан көрсетілетін қысымнан босатылады;

6. Оқулықтарда қате жіберілген жағдайда, баспа өз қаражатына оқулықтарды алмастырады;

7. Баспа қателерді жөндемеген жағдайда белгілі бір санкциялар қолданылады;

8. Министрлік оқулықтардың өз бағасына жасалатын талдауды бақылауда ұстайды;

9. Оқулықтардың көлемін кішірейту;

10. Белгілі бір оқулықтардағы қате бағдарламаларды жөндеу.

1 қыркүйектен бастап министрліктің сайтында EPUB форматындағы 1-10 сыныптарға арналған оқулықтардың электронды нұсқалары орналастырылады. Бұл білім алушыларға электронды құрылғылар арқылы оқулықтарды қолдануға және оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бүгінде оқулықтарды басып шығару жұмыстары аяқталып, оқулықтардың 40%-і өңірлерге жеткізілді.

Асхат Аймағамбетов оқулықтарды өзі тексеріп, ағылшын, әдебиет, география және физика оқулықтарынан қателер кездестірді.

"Өте қарапайым, оңай қателер. Жауабы шешімге сәйкес келмейтін тапсырмалар бар. Аудармада көптеген қателер бар. Мұндай қате мүлдем жіберілмеуі керек. Біздің балалар мұндай оқулықтардан білім алмауы керек. Жыл сайын осы қателер кездеседі. Бұл қашанға дейін қайталанады?".

Massaget