- Негізгі бет
- Алтын ұя
- Үй тапсырмасын орындауға...
Үй тапсырмасын орындауға үлгермей жүрсіз бе?
Оқу жылының алғашқы 3 аптасы да өте шықты. Күн сайын үй тапсырмасы көбейіп, оны орындайтын талпыныс азаюда. Енді не істейміз? Оқып үйрену керек болар. Төмендегі бірнеше ережені сақтау арқылы ата-анамызды қуанта аламыз.
1. Ең алдымен, ұйқымызды қандыруымыз керек. Бұл – басты кеңес. Сәтті күн жақсы түннен басталады. Сондықтан, ұйқымыз 8 сағат болатындай етіп ертерек жатқан абзал. Осы уақыт ішінде ағзамыз демалып, жаңа ақпарат қабылдауға дайын болады.
2. Міндетті түрде таңғы ас ішіңіз. Осылайша ағзамызды және миымызды энергиямен қуаттандырамыз.
3. Кешікпеңіз. Егер сабаққа 5 минут ерте келетін болсаңыз, ақпаратты қабылдауға дайын боласыз.
4. Сұрақ қойыңыз. Егер бір нәрсені түсінбесеңіз, міндетті түрде ол материалды қайталап айтуын сұраңыз.
5. Досыңыздан көмек сұраңыз. Сыныптасымыз белгілі бір пәнді жақсы меңгерген болса, одан не себепті көмек сұрамасқа? Кейде ұстаздарға қарағанда оқушылардың айтқаны түсініктірек.
6. Күніңізді дұрыс құрастырыңыз. Бір дәптер арнап, сол жерге орындалуы тиіс тапсырма мен мерзімін жазып қойыңыз. Бұл тек қазір септігін тигізіп қоймай, болашақта да өмірімізді жоспарлауға көмектеседі.
7. Қиын тапсырмаларды бірінші орындаңыз. Ауқымды жобалар көп күшті талап етеді. Сондықтан, оларды мектептен келе салысымен орындаған жөн. Ал кешкі мезгілде сабақ оқуға шамамыз келмей, маужырай бастаймыз.
8. Үнемі дайындалыңыз. Бақылау жұмысының алдында күні бойы дайындалғанша, күніне 20-30 минутыңызды жұмсаған жөн.
9. Үзіліс жасаңыз. Әр жарты сағат сайын миыңызды тынықтырыңыз. 1,5 сағат бойы кітап оқи беретін болсаңыз, материалы есте қалмайды.
Кеңестер өте қарапайым. Оны орындау барлығымыздың да қолымыздан келеді. Сол себепті «Іске сәт!» дейміз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Massaget.kz
Қ. Бүйенбай