Иран Израильге әуеден шабуыл жасады. 13 сәуірдің кешінде Ираннан Израильге қарай ондаған баллистикалық зымыран мен жүзден астам ұшқышсыз ұшақ ұшырылды. Бұл әрекет сәуір айының басында Иранның Сириядағы консулдығын израильдік ұшақтардың қиратуына және жоғары лауазымды ирандық генералдардың қазасына жауап ретінде жасалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
"Израиль режимінің қылмыстарына жауап ретінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының аэроғарыш күштері басып алынған (Палестина - шамамен) аумақтардағы (яғни, Израиль - шамамен) белгілі бір нысандарды көздеп, оқ жаудырды. Ондаған зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтар ұшырды", - деп хабарлады Иранның Мехр агенттігі.
Бұған дейін Израильдің Кан мемлекеттік радиостанциясы әскери есептерге сілтеме жасай отырып, ирандық ұшқышсыз ұшақтар жексенбі күні таңғы сағат 02:30-дан 05:00-ге дейін (Астана уақыты бойынша 04:30 және 07:00 - шамасында) Израиль аумағына жетуі мүмкін екенін хабарлаған болатын.
Израиль қорғаныс күштері (IDF) Иранның өздеріне қарсы ұшқышсыз ұшақтарды атқылағанын растады. IDF әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі мен қарулы күштер жоғары дайындыққа алынғанын хабарлады.
ABC News хабарлауынша, АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктері Израильге Иран, Ирак, Сирия, Ливанның оңтүстігі мен Йеменнен 400-500 ұшқышсыз ұшақ пен зымыран ұшырылады деп есептейді.
Иранның Израильге шабуылының басталуына байланысты премьер-министр Биньямин Нетаньяху Тель-Авивте шұғыл жиын өткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!