Зымыран соққысы да, адам шығыны да азаймай тұр. Украинадағы жағдай

Украинаның бірнеше қаласына зымыран соққысы жасалды. Сондай-ақ, қанша Украина азаматы босқын мәртебесін алғаны, елден қанша адам кеткені туралы ақпарат жарияланды. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі ахуалға шолу жасады.

Зымыран соққысы да, адам шығыны да азаймай тұр

Украина Қарулы Күштері Бас штабының бас жедел басқармасы бастығының орынбасары Алексей Громов Киев облысындағы әскери бөлімге Ресей әскери күштері соққы жасағанын айтты. Онда бір ғимарат қирап, екі ғимарат бүлінген. Алексей Громов Чернигов облысындағы Гончаровскийге жасалған соққы нәтижесінде Қарулы Күштің жеке құрамында адам шығыны барын айтты.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Кропивницкийге жасалған соққы нәтижесін 26 адам жарақат алып, 5 адам қаза болған. Сонымен қатар, Киев маңында әскери базада 15 адам зардап шеккен. Украинаның солтүстік және оңтүстік өңірлеріне де соққы жасалған.

©REUTERS 

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі қандай баға берді?

Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі Херсондағы Украина әскерінің шабуылы "қарқын алып жатқанын" айтты. Министрліктің барлау ақпараты бойынша, Украина Қарулы Күштері Днепр өзені арқылы өтетін үш көпірге зақым келтіру үшін ұзақ қашықтағы артиллерияны қолданған.

Ливанға "ұрланған астықпен" сириялық кеме келді - Украина

Украинаның Бейруттағы елшілігі мәліметінше, АҚШ санкциялары салынған сириялық кеме Ливанның Триполи портында "Ресей Украинадан ұрлаған арпа-бидаймен" келген. Кеме халықаралық тасымалдауға жабық Қырым портынан шыққан, ол 5 мың тонна арпа мен 5 мың тонна ұн тасымалдаған. MarineTraffic сайты мәліметінше, Laodicea кемесі 27 шілдеде Триполиге жеткен.

Қанша адам ЕО-ға келді?

Еуропалық комиссия қақтығыс болған бес айда Украинадан Еуропа Одағына 8 миллион адам, оның ішінде 7 миллион украиналық келгенін хабарлады. Сонымен қатар, 3,9 миллион адам ЕО елдерінде босқын мәртебесін алуға өтініш берген, 23 600 адам Еуропа Одағынан тыс елдерде, яғни Швейцария, Лихтенштейн, Норвегия, Исландияда өтініш берген. Қақтығыс кезінде 4,3 миллионға жуық украиналық Еуропадан Отанына оралған.

©REUTERS

ЕО ресейлік газдан бас тарта ма?

Еуроодақ сыртқы саяси ведомствосының басшысы Жозеп Боррель Еуроодақ елдері болашақта ресейлік газды сатып алуды тоқтататынын мәлімдеді.

"Ресейден келетін тым көп энергияға тәуелділіктен арыламыз деп шештік. Алдымен көмір, содан кейін мұнай, ал газ ұзақ уақытқа созылады, өйткені бейімделуіміз керек", - деді ол.

Оның сөзінше, Ресей тарапы Еуропа елдері одан газ сатып алуды тоқтататынын біледі.