Желіде танымал команданың жарнама ролигі дау туғызды. Онда қызды ұрып-соғу арқылы баспалдақ пен есік жарнамаланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы психолог Роза Әшірбай Instagram-парақшасында бөлісті. Жарнаманы шымкенттік "Миллион" командасы түсірген. Олар Ram.kz компаниясының есіктері мен баспалдақтарын жарнамалайды.
Видеода бір топ адам қызды оның еркінен тыс алып қашады. Үйіне әкеліп, қыздың басына ақ орамал жапқанда, қыз қалмаймын деп орамалды лақтырады. Ер адам қызды орамалды лақтырғаны үшін ұрып жібереді.
Психологтың айтуынша, жарнама 2,5 миллион қаралым, 4 мыңға жуық пікір жинаған. Алайда пікірлер арасында қызға қол көтеруге болмайтыны туралы пікір жоқ.
"Қызды алып қашу, оны ұру, қорлау, әйелді жаман етіп көрсету - бұл жарнама ма?! Жігіттер, шынымен бе?! Неге ешкім бұл тақырыпты көтермеген? Неге 2,5 миллион адам (санға мән беріңіз) қызды ұрлау, ұру дұрыс емесін жазбаған? 4 мыңға жуық пікір жиналған. Байқап қарасаңыз, көбіне серия ұнаған. Демек, адамдар бұл туралы ойланбаған, олар оны қалыпты жағдай деп қабылдаған", - дейді ол.
Психолог видеодағы ер адамның әрекеті заңда қандай баптар арқылы қарастырылатынын атап өтті.
"Сценарийді бекітіп жатқанда компания қайда қарады? Неге компания әйелді "ақымақ", "ерік-жігері әлсіз" ретінде көрсеткен? Бұл видеода ер адам әйелді ұрлайды, қорлайды, ұрады. Бұл кем дегенде 3 бап: Қылмыстық кодекстің 106-бабы (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру), Қылмыстық кодекстің 125-бабы (адамды ұрлау), Қылмыстық кодекстің 131-бабы (қорлау). Біз бұл жағдайда адамдарда жағымсыз әсер қалдырмай жатқанымен күресуіміз керек. Адамдар мұның дұрыс емесін әрі заңсыз екенін түсінуі керек. Мынадай компаниялар мен шоулар осындай нәрселерді шығарып жатқанда дабыл қағу керек. Сіздердің аудиторияңыз - жастар, оларды неге үйретіп жатсыздар?", - деп жазған ол.
Кейін "Миллион" командасы Роза Әшірбайға жауап қайтарды.
"Роза әпшеміз осы дүниемізге біраз өкпелі-ау. Ана тілімізде жазбағасын көп жазбасын түсінбедік", - деп жауап қайтарған олар.
Танымал продюсер Баян Мақсатқызы да бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Жабайылық, кемсіту, әйелді ұрып-соғу шымкенттік компанияның сатылымын көбейтіп жатыр. Бұл компанияға сценарий қатты ұнаған болуы керек. Мен сіздерден ешқашан есікке тапсырыс бермеймін", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!