- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Зорлық құрбаны бола...
Зорлық құрбаны бола жаздаған қызды құтқарған жүргізуші кім екені анықталды
Зорлық құрбаны бола жаздаған қызды құтқарып қалған такси жүргізушісі белгілі журналист Гүлмира Абықайға сұқбат беріп, оқиғаны бастан-аяқ баяндап берген. Бұл туралы журналист Іnstagram парақшасында жазды, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
Журналистің айтуынша, жігіттің аты - Рүстем Көшербаев. Инженер-құрылысшы болып қызмет етеді. Сол түні Рысқұлов маңындағы Бродскийге бұрыла бергенде қыз көлік алдынан атып шыққан.
"Елсіз көшеден жанұшыра көлікке жүгірген қызды көргенде, ең алдымен, артынан өкшелей қуып келе жатқан жігіттерден қорғауым керек деп ойладым. Басқа ой менде болған жоқ. "Қайдан шықты? Не болды екен?" деп анықтап тоқтағанша екінші жігіт жүгірді. Қалтамдағы рұқсат етілген қаруымды аспанға аттым. Сонда ғана қыз қуушылардың беті қайтқандай болды. 102-ге хабар бердім. 5 минуттың ішінде 4 патруль көлігі келді. Полиция қызды өз көліктеріне мінгізіп, алып кетті", - дейді жігіт.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ол журналистке қыздың сол кездегі хал-жағдайы туралы да баяндап берген.
"Жасы 22-де. Ұзынағаштың қызы екен. Атын сұрамадым. Такси ұстап тұрғанда екі жігіт келіп, "бізбен жүр, жол-жөнекей жеткізіп тастайық" деген. Өз жолынан басқа жаққа бұрылғанын көріп, айқайлап қарсылық танытқанын айтты.
"Алайда, таксист айқайлап жылап жатқаныма қарамастан мені күштеп түсіріп кетті. Жігіттер сол маңдағы ескі үйге қарай сүйреді" дейді. Осы сәтте менің көлігімнің жарығын байқаған бойжеткен бар күшімен ытқып шығып алдымнан жүгіріпті", - дейді Рүстем.
Жігіт интернетте жарияланған видеоның астына жазылған жағымды пікірлерді оқып таңғалғанын жасырмады.
"Менің ойымша, қиналған жанды көрген кез-келген адам көмек береді. Бұл - адамгершілік. Менің орнымда достарым, жақындарым болса да дәл мен сияқты көмектесер еді", - деп Рүстем.
Бұған дейін Желіде қыздың видеосы тараған еді. Кадрларда қыз көлікті тоқтатып, жүргізушіден құтқаруын сұрағаны түсірілген. Видеода қыздың артынан қуып келе жатқан ер адам байқалады.
Г. Досымшалова