Жетісу облысында қыз зорлап, кейін азаптап өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Жәбірленуші тарап пен мемлекеттік айыптаушы оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Алайда судьяның шешімімен сотталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу дерегінше, ішімдік алу үшін дүкенге барған ер адам сол маңда бейтаныс бойжеткенді байқап қалып, оны соңынан аңдып, күшпен алып кеткен. Кейін қызды қараусыз ғимаратқа апарып зорлаған. Содан кейін қылмысын жасыру үшін қызды таспен ұрып өлтіріп, қашып кеткен.
"4 бап бойынша айыпталып отыр. Осы 4 бап бойынша сот үкімі шығарылды. Күдікті бұрын сотталған. Бірнеше рет қылмыстың қайталануы бар. Сол себепті оған 25 жылға жаза тағайындалды. Оның алғашқы 5 жылын толық қауіпсіз мекемесінде өтейді", - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов.
38 жастағы сотталушы өз кінәсін толық мойындаған.
Айта кетейік, жантүршігерлік қылмыс осыдан бес ай бұрын болған. Із-түзсіз жоғалып кеткен Паулина Ткаченконы Балпық би ауылының тұрғындары күні-түні іздеп, таппай қойған. Тек 2 күннен кейін қыздың мәйіті анықталған. Енді жәбірленуші тарап үкіммен келіспей, апелляцияға жүгінетінін айтып отыр.
"Біз істің мән-жайын анықтау кезінде марқұм қыздың азапталып көз жұмғанын анықтадық. Сондай зұлымдықпен адам өлтіргеннен кейін біз соттан қылмыскерді өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұраған едік. Мемлекеттік айыптаушы да екі бап бойынша өмірлік бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Бірақ сот шешеді. Алайда біз бұл үкіммен келіспейміз", - деді қорғаушы Тоғжан Ержұманова.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда қаза тапқан қыздың денесі 44 күн өтсе де табылмағаны хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз