Алматы облысы Қызылқайрат ауылының тұрғындары 5 айда көрген жол азабынан әбден шаршаған, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, тұрғындар ауласына жетуі үшін бірнеше үйді айналып барам дегенше демі бітіп, көршінің қорасында ентігін басуға тура келеді екен. Себебі бұрын қатынап жүрген жолдарын біреу жауып тастаған.
"Жан жағымызды қоршап тастап, "зонада" отырған сияқтымыз. Қазір ғана Қызылқайраттың орталығындағы укол салатын жерден системамды алып келіп отырмын. Жаяу. Мына үйдің ортасымен өтіп, мына жерге демалып алып, одан былай қарай үйіме бару үшін шарбақтың арасынан өтуім керек", - дейді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Әлипа Әділбекова.
Тұрғындардың айтуынша, бұрын ашық тұрған жол 5 ай бұрын жабылған. Себебі ол жаққа жер иелері келіп, қоршап алған. Сондықтан жұрт көршінің қабағы мен үрген итінен тығылып, кейде қыр жағалап кететін көрінеді.
Ал ауыл мен аудан әкімдігінің өкілдері халықтың жағдайымен таныс екен. Бірақ олармен кездесуден бас тартқан.
"Жекеменшік жер болған соң, жер иесі "бермеймін" деп жолды жауып отыр. Мәселенің ақ-қарасы - осы. Екіншіден, бұрынғы өтіп жүрген жол иесімен сөйлесеміз. Біздің заңгерлер мен мамандар сөйлесіп жатыр. Ауданның архитектор бөлімі мен жер кадастры бөлімі мамандары да жұмыс жүргізіп жатыр", - деді Алатау ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов.
Жол мәселесі елді мекеннің келесі бетіндегі тұрғындарға да арман болып отыр. Тіпті кей тұрғын өз қалтасынан ақша төлеп, тас төсеткен.
"Ауырған кезде, балалар қорқып кетіп, жедел жәрдем көлігін шақырдық. Ол келмейді", - деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Күлдәрия Кенжебаева.
Ауыл әкімі жол салуға қаражат күтіп отырған көрінеді.
"Таяуда жұмыс басталады. Конкурс ойнатылып болды. Мердігер анықталды. Жұмыс жүргізіледі. Хасанов көшесіне 940 метрге жол төселеді. Ал мына жерге тас төсейді", - деді Алатау ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов.
Айта кетейік, Алатау ауылдық округіндегі 16 мыңнан аса халықтың жартысы дәл осы Қызылқайрат ауылында тұрады екен.