Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру мекемесінің 10 жылдығына арналған "Ұлы дала мұрагерлері" атты форумға қатысты, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Елбасы форум басталар алдында Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының ғылыми жобалары қойылған көрмені аралап көріп, осы білім беру мекемелерін одан әрі дамыту стратегиясы жөніндегі баяндаманы тыңдады.
Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде форумға қатысушылардың бәрін зияткерлік мектептердің 10 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл мектептер еліміздің білім беру жүйесінде ерекше орын алатынын атап өтті.
– Зияткерлік мектептер мемлекетіміздегі орта білім беру жүйесінің эталонына айналды. Бүгінде Қазақстанның барлық мектептері сіздерге қарап бой түзейді. Өскелең ұрпақтың қазіргі заманғы талаптарға сай болуы базалық білімге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өңірлерде ашылған 20 зияткерлік мектепті қазіргі кезде 8 мыңнан астам оқушы бітіріп шыққанын айтты.
– Еліміздегі әрбір дарынды баланың әлемнің үздік стандарттары бойынша білім алуына мүмкіндік туғызу біз үшін маңызды болды. Оның басты қағидаттары – оқу үдерісінің жүйелілігі, мақсаттардың айқындығы және тәжірибе жүзінде оқыту, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы білім берудің озық әдістемелерін және іріктеудің қатаң жүйесін енгізу нәтижесінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары математикалық сауаттылық бойынша әлемнің үздік 10 елінің оқушыларының қатарына қосылғанын атап өтті.
– Бүгінде мұнда еліміздің барлық өңірінен келген балалар білім алуда. Солардың 3 мыңнан астамы – көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары болса, 2,5 мыңы – ауылдық жерлер мен шағын қалалардан келген оқушылар. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің және әрбір талантты баланың өзін-өзі танытуы үшін жасалған мүмкіндіктің нақты көрсеткіші, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті зияткерлік мектептерді ілгерілетудің оң қарқынын сақтап, оларды одан әрі дамытудың жаңа бағыттарын айқындау қажеттігіне назар аударды.
– Қазірдің өзінде цифрлық технологиялар, биоинженерия және роботтандыру салаларында жұмыс істей алатын жаңа мамандар қажет. Алдағы 10-15 жыл ішінде жасанды интеллект пен автоматтандыру технологиялары өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы инновациялық технологиялар енгізу тұрғысынан оқушылардың жаңа кәсіптерге бейімделуінің маңыздылығына тоқталды.
– Әлем күн сайын дамып келеді, үнемі инновациялық және жаңа дүниелер ашылуда. Сондықтан жылдам өзгеріп жатқан өмір талаптарына сай болу үшін сіздерге заманауи технологияларды меңгеру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті оқушылардың STEАM-дайындығын күшейтіп, алған білімдерін жобалық және зерттеу жұмыстарын орындау арқылы тәжірибеде жүзінде қолдануды қамтамасыз етудің маңыздылығы туралы айтты.
– Ағылшын тілінен аударғанда, STEАM дегеніміз – жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инженерия, өнер және математика салалары. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманда сұранысқа ие болып келе жатқан пәндер. Мұндай пәнаралық және қолданбалы әдісті қолдану балаларды сыни ойлауға үйретеді. Соның арқасында жаңашылдар мен өнертапқыштардың жаңа буыны қалыптасады, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы төртінші бағыт ретінде шет тілдерді меңгерудің маңыздылығын атап өтті.
– Биылғы оқу жылында зияткерлік мектептерде оқушылардың таңдауы бойынша екінші шет тілін меңгеру қолға алынды. Жаһандану жағдайында шет тілдерін білудің маңызы аса зор. Тілдерді білу басқа елдердегі адамдардың менталитеті мен мәдениетін түсінуге жол ашып, жоғары білім алу және жұмысқа орналасу барысында таңдау жасау аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті оқушылардың эмоциялық интеллектісін дамыту мәселелеріне тоқталды.
– Эмоциялық интеллект қазіргі заманда бәсекеге қабілетті тұлғаның маңызды қасиеті саналады. Аясы тар техникалық құзыреттіліктерге қарағанда, адамдарды сендіре алу, оларға жанашырлықпен қарап, тыңдай білу, төзімділік таныту қабілеттері сұранысқа көбірек ие болады, – деді Елбасы.
Соңында Мемлекет басшысы зияткерлік мектептердің 10 жылдық мерейтойы дамудың жаңа кезеңі және еліміздің өркендеуі жолындағы жаңа ауқымды жетістіктердің бастауы болатынына сенім білдірді.
– Қазіргі кезде терең білім алу, шет тілдерін және заманауи технологияларды меңгеру бәріміздің басты міндетіміз болуға тиіс. Сіздер сонда ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындыра аласыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.