Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов зейнеткерлер қандай жағдайда декларация тапсыру мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Сенаттың Қаржы және бюджет комитет отырысында жалпыға бірдей декларацияны тапсыру мәселесі талқыға салынды.
"2021 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілді. Ондағы негізгі міндет – әділ салық салуды қамтамасыз ету, жеке тұлғалардың кірісін бақылау, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету", - деді қаржы вице-министрі.
Ержан Біржановтың айтуынша, бірінші кезең 2021 жылғы 1 қаңтардан басталған. Осылайша, "кіру" декларациясын мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынған: шамамен 580 мың адам.
"Екінші кезеңде биыл мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынды: шамамен 2,1 млн адам. Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыбы) тапсырады: 3,9 млн адам.
Төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – азаматтардың қалған санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы адамдар, студенттер және тағы басқалары) ұсынады. Жалпы 6,4 млн-нан аса жеке тұлғаны қамту жоспарланып отыр. Осылайша, жалпыға бірдей декларация жүйесіне 13 млн жуық адам кіруге тиіс", - деді Ержан Біржанов.
Сондай-ақ ол декларацияда нені көрсету керектігіне тоқталды:
• Шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
• Шетел банкіндегі 7,3 мың доллардан (1000 АЕК) көп ақша;
• Шетелдік компанияға қатысу үлесі;
• Бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және тағы басқа);
• Үлестік қатысу шарты (тұрғын үйдегі үлес);
• Инвестициялық алтын (алтын құймасы);
• Зияткерлік меншік және авторлық құқық объектісі;
• 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша;
• 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін нотариалды куәландырылған басқа тұлғалармен қарыз шарты;
• Құны 3,4 млн теңгеден асатын басқа мүлік (қалауы бойынша) (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және тағы басқа) – бағалауды декларацияны тапсырғанға дейін жүргізу керек (2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін).
Министрдің орынбасары декларацияны тапсырмағандар жауапқа тартылатынын ескертті.
"Жеке тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі туралы айтайын. Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 51 750 теңге (15 АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Декларацияда толық емес немесе анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге (3 АЕК) көлемінде айыппұл салынады.
Жыл ішінде бірінші рет салық объектілерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200 пайыз мөлшерінде айыппұл, қайталап бұзушылық үшін 300 пайыз айыппұл салынады", - деді Ержан Біржанов.
Вице-министр алдағы уақытта кәсібі бар зейнеткерлер де декларация тапсыруы мүмкін атап өтті.
"Барлығы "кіріс" декларациясын тапсыруы керек. Бұған зейнеткерлер де, студенттер де, жалпы бәрі кіреді. Біздің болжамға сәйкес, төртінші кезеңде 6,5 млн-нан аса адам есеп береді. Жалпыға бірдей декларацияны жалпы 13 млн адам тапсыруы керек. Мысалы, 2026 немесе 2027 жылдары зейнеткер тек зейнетақы алса, кәсіпкерлікпен қызметпен айналыспаса, онда декларацияны тапсырмау мүмкіндігін қарастырамыз. Осылайша, одан деректерді автоматты түрде аламыз. Алайда бірінші декларацияны барлығы тапсыруы керек", - деді министрдің орынбасары.
Сөз соңында ол декларацияны қалай тапсыруы керегін айтты.
"2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін декларацияны тапсыру керек. Есепті "Салық төлеушінің кабинеті", "Электронды үкімет" веб-порталдары, e-salyqАzamat, Halyk, Банк Центркредит мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Азаматтардың 99 пайызға жуығы декларацияны электронды түрде тапсырған", - деді Ержан Біржанов.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!