Зейнеткер біреудің опасыздығын әшкерелеп, миллион тауып жүр: Қазақстанда мұндай “кәсіп“ заңға қайшы ма?

Зейнеткер біреудің опасыздығын әшкерелеп, миллион тауып жүр: Қазақстанда мұндай “кәсіп“ заңға қайшы ма?
Фото: depositphotos.com

Колумбияда тұратын 67 жастағы зейнеткердің оқиғасы әлеуметтік желіде көптің назарын аударды. Ол өзгелердің құпиясын сатып қана қоймай, "ешкімге тыс жармау" үшін де ақша алған. Tengri Life заңгерден мұндай "кәсіпті" Қазақстанда жүргізу мүмкіндігін және заң бойынша оның қандай салдары барын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дәптер мен өзгенің құпиясына құрылған кәсіп

Колумбияның Армения қаласында тұратын тосын кәсіпкер туралы Northern Magazine басылымы жазды. 67 жастағы Мирьям қарапайым, бірақ табыс әкелетін тәсіл ойлап тапқан: ол күн сайын таңертең қолына дәптерін алып аулаға шығып, айналасында болып жатқанның бәрін жазып отырған.

Оның екі түрлі "тарифі" болған: бірі - ақпаратты айтып беру үшін, екіншісі - оны жасырып қалу үшін. Мысалы, ол біреудің көзіне шөп салуы мүмкін екенін немесе жасырын бірнәрсе сатып алғанын айтып бере алған. Ал қаласа, сол мәліметті құпия сақтап қалу үшін ақша алған.

"Мирьям қарапайым ақпарат үшін 5 мыңнан 10 мыңға дейін колумбиялық песо (шамамен 1500 теңге) алған. Ал құпия мәлімет үшін бәрін жасырын сақтау қызметін ұсынған. Оның құны 700 мың песоға дейін, яғни шамамен 100 мың теңге болған", - делінген жарияланымда.

Instagram-дағы бұл жазбаны көру

A post shared by NORTHERN MAGAZINE (@northernmagazine__)

БАҚ мәліметінше, әйелдің тапқырлығы жақсы табыс әкелген. Колумбиялық зейнеткер өзгенің өмірін бақылап тапқан ақшасына бірден екі үй сатып алғанын айтады.

Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды: біреулер зейнеткердің тапқырлығына таңданып, әзілге айналдырса, енді бірі мұны өзгенің жеке өміріне ашық қол сұғу деп сынаған.

Қазақстанда мұндай әрекет заңға сай ма?

Біз мұндай "кәсіптің" Қазақстан жағдайында жүзеге асуы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеп, халықаралық заң компаниясының аға заңгері Фарит Айтбагинге жүгіндік.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда Мирьямның әрекеті "кәсіп" емес, қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қаралар еді.

"Қазақстан заңнамасы бойынша мұндай әрекет бопсалау ретінде саралануы мүмкін (Қылмыстық кодекстің 194-бабы). Ақпарат жинаудың өзі қылмыс емес. Бірақ адам туралы беделіне нұқсан келтіретін мәліметті, мысалы, опасыздық, отбасылық мәселе секілді деректерді жария етемін деп қорқытып, оны таратпау үшін ақша талап ету - қылмыс. Бұл жерде мәліметтің шын не жалған болуы маңызды емес", - деді ол.

Заңгер колумбиялық әйелдің әрекеті Қазақстан Қылмыстық кодексінің екі бөлек бабына сәйкес бағалануы мүмкін екенін түсіндірді.

"Жиналған өсек-аяңды үшінші адамдарға сату бопсалау емес, бірақ Қылмыстық кодекстің 147-бабына, яғни адамның жеке немесе отбасылық құпиясына жататын мәліметтерді заңсыз жинау және таратуға жатады. Ал сол адамдардың өзінен үнсіз қалу үшін ақша алу - Қылмыстық кодекстің 194-бабындағы бопсалау", - деп түсіндірді заңгер.

Мұндай "кәсіп" үшін қандай жаза қарастырылған?

Заңгердің айтуынша, жаза әрекеттің ауқымына және жәбірленушілер санына қарай белгіленеді.

"Қылмыстың негізгі құрамы үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейін әртүрлі жаза қарастырылған. Егер бірнеше адам жәбірленсе, мұндай әрекет қайталанса немесе ірі көлемде ақша алынса, жаза күшейтілуі мүмкін. Мұндай жағдайда жеті жылға дейін, ал аса ауыр мән-жайлар болса, 10–15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал", - деді Айтбагин.

Бұдан бөлек, жәбірленуші сотқа жүгініп, моральдық зиян үшін өтемақы талап ете алады.

Заңгердің айтуынша, істі қарау үшін алдымен жәбірленушінің арызы қажет. Дәлел ретінде хат-хабарлар, әңгіме жазбалары, видео, куәгерлердің сөзі және ақша берілгенін растайтын деректер пайдаланылуы мүмкін.

Фарит Айтбагин Maqsut Narikbayev University-де "Құқықтану" мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. 2020 жылдан бері Астанадағы халықаралық заң компаниясында еңбек етеді. Қазір сол компанияда аға заңгер қызметін атқарады. 2023 жылдан бастап негізгі жұмысымен қатар Заң консультанттары палатасының атқарушы хатшысы қызметін де қоса атқарып жүр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget