Редакциямызға Түркістан облысындағы мектептердің бірінде ұзақ жыл бойы қызмет еткен мұғалім жүгінді. Оның айтуынша, ол екі жыл бойы қысқа мерзімді жоспар жазбаған. Бірақ мектеп әкімшілігі жоспарды қайта жазуға тапсырма берген. Massaget.kz тілшісі бұл мәселені анықтап көрді.
Түркістан облысында мектептердің бірінде жұмыс істейтін мұғалімнің биылдан бастап қысқа мерзімді жоспарды қайта жазатынына сұрақ туындаған. Оның айтуынша, ол 2 жыл бойы жоспар жазбаған. Ал келер жылы зейнетке шығуы керек.
"Екі жылдан бері қысқа мерзімді жоспар жазбайтынмын. Биылдан бастап жазыңыз дейді. 39-жыл бойы жазып келдім. Зейнетке шығуға бір жыл қалды. Жазбауға бола ма?" - деді мұғалім.
Massaget.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдады.
"Көп жыл бойы жинақтаған сабақ жоспарларын, әрине, қолдануға болады. Бірақ әр сабақтың алдында жоспарларыңызға өзгертілген оқулықтарға, оқу жоспарына, сыныптағы оқушылардың ерекшеліктеріне сәйкес өзгерістер мен түзетулер енгізу керек", - делінген жауапта.
Демек, сабақ барысында бұрын жазылған жоспарды қолдануға болады. Алайда оған оқулықтардағы кейбір өзгерістерге байланысты түзетулер енгізілуі қажет.
Айта кетейік, жаңаша білім беру бағдарламасы маңызды үш құжаттан тұрады: бағдарлама, ұзақ мерзімді жоспар, орта және қысқа мерзімді жоспар.
Оқудың әрбір кезеңінің басынан бастап, аяғына дейін алға ілгерілеуді қамтамасыз ету қысқа мерзімді жоспарда жоспарланады. Онда мақсат қоя білу, міндеттерді белгілеу, күтілетін нәтиже, модульдерді қолдану, сабақтың барысы, мұғалімнің іс-әрекеті, оқушының іс-әрекеті, бағалау және рефлексия бөлімдері бойынша мұғалімнің жұмысын бағалау ұсынылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!