Әлеуметтік желіде "зейнетақыдан 20 пайыз ұсталатыны туралы өзгеріс енгізілді" деген жалған ақпарат тарап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, белгісіз біреулер deepfake технологияларын пайдаланып, "ынтымақты зейнетақы төлемі 20 пайызға қысқарады" деген жалған мәліметі бар бейнеролик таратып жатыр.
"2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейіне сәйкес 10 пайызға артты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде жыл сайын кезең-кезеңімен ұлғаяды", - деп жазылған хабарламада.
Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері - 35 596 теңге (күнкөріс деңгейінің 70 пайызы), ал ең жоғары мөлшері - 60 005 теңге.
Ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова