- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Зейнетақы ұрланған": Қарағанды...
"Зейнетақы ұрланған": Қарағанды облысында Қарттар үйі қызметкерлері сотталды
Қарағанды облысы Абай ауданында зейнетақы ұрлаған Қарттар үйінің директоры мен қызметкерлеріне үкім шығарылды. Бұл қатарда пошташы да бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, әлеуметтік қызметкерлер келісімге келіп, өз бетінше қозғала алмайтын және ақша ала алмайтын 24 қамқорлықтағы зейнеткер мен мүгедектің зейнетақысын алып отырған.
Қылмыстық жоспарды іске асыру үшін олар бұл іске ақша әкелген "Қазпошта" пошташысын қатыстырған. Әлеуметтік қызметкерлер қамқорлықтағы адамдардың зейнетақысын алып, жалған қол қойған.
Кейінірек мемлекеттік мекеме директоры бұл істі білген. Ол бұл қылмысты тоқтатудың орнына, олармен келісіп, өз үлесін алғысы келген. Нәтижесінде қылмыстық топ әшкереленді. Ұсталғаннан кейін олар барлық кінәні мойындады.
"Бұл құқықбұзушылық ауыр қылмыс санатына жатады. Ол үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жаза, ұрланған мүліктің 10-нан 20 есеге дейінгі мөлшеріндегі айыппұл не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - деді Абай аудандық сотының баспасөз қызметі өкілі.
Үш адамға жазаны өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленіп, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған. Мекеме басшысы ұрланған мүліктің он еселенген мөлшерінде айыппұл төлеген. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова