Зейнетақы төлемін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұрын қалай болды?

Банк клиенті enpf-otbasy.kz платформасына кіріп, "Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыздың берешегін ішінара өтеу" мақсатын таңдайтын. Өтінішті рәсімдеп, зейнетақы қорындағы артық жинақты пайдалануға сұрау жіберетін. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өтінішті 5 жұмыс күні ішінде қарайтын және зейнетақы жинағы артық болған жағдайда біржолғы зейнетақы төлемі (БЗТ) сомасын Отбасы банкіндегі арнайы шотқа аударатын.

Қаражат түскеннен кейін клиент оны 20 жұмыс күні ішінде пайдалануға тиіс болатын. Әдетте қарызды ішінара мерзімінен бұрын өтеу рәсімі кезекті несие төлемі жасалатын күні іске қосылатын. Соның нәтижесінде қарыз бойынша ай сайынғы төлем өтелетін.

Несие бойынша ай сайынғы төлем бірнеше бөліктен тұрады:

  • негізгі қарыз - тұрғын үй сатып алу үшін клиентке банктің берген қаражаты;
  • банктің сыйақысы - тұрғын үй сатып алуға берілген қаражатты пайдаланғаны үшін есептелетін пайыздар;
  • мерзімі өткен берешек пен өсімпұлдар төлем уақытында жасалмаған жағдайда есептеледі;
  • қарыз қайта құрылымдалған болса, кейінге қалдырылған төлемдер;
  • алдын ала қарыз берілген жағдайда депозиттегі жинақтар.

Қандай өзгерістер енгізілді?

Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану қағидаларында "берешек" ұғымы "негізгі қарыз" ұғымымен алмастырылды.

Бұл дегеніміз зейнетақы жинағының артығын пайдаланып, несие бойынша ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі қарызды өтеуге болады. Біржолғы зейнетақы төлемі есебінен ай сайынғы төлемді толық жабу мүмкін емес.

Несие бойынша сыйақы (пайыздар) және ай сайынғы төлем құрамына кіретін басқа да ілеспе төлемді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуге тиіс.

Жаңа талаптар енгізілуіне байланысты Отбасы банкіндегі қарыздарды ішінара немесе толық өтеу процесін қайта бейімдеу қажет. Бұл белгілі бір уақытты талап етеді.

Алдағы уақытта бұл операция екі кезеңнен тұрады:

  • алдымен несие бойынша сыйақы және басқа да ілеспе төлемдер қарыз алушының өз қаражаты есебінен төленеді;
  • содан кейін негізгі қарыз зейнетақы жинағының артығы есебінен өтеледі.

Банктің қашықтан көрсетілетін қызметтерін, яғни мобильді қосымшаны және otbasybank.kz сайиындағы жеке кабинетті жаңа талаптарға бейімдеу мақсатында Отбасы банк біржолғы зейнетақы төлемін пайдаланып, қарызды ішінара немесе толық өтеуге арналған өтініші қабылдауды уақытша тоқтатпақ.

enpf-otbasy.kz платформасында өтінішті қабылдау 2026 жылғы 31 қаңтарға қараған түннен бастап 2026 жылғы 2 наурызға дейін тоқтатылады.

"Бұған дейін берілген өтініштер бұрынғы ережелерге сәйкес жұмыс тәртібінде қаралады", - деп жазылған хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!