Зейнетке шыққан жандардың мемлекеттен қосымша қаржы алуға мүмкіндігі бар. Мемлекет зейнет жасына жеткен жандарға жиналған жарнаның құнсызданған бөлігін төлеп береді. Яғни, азаматтың зейнет жасына дейін қорға жинаған қаржысы инфляциядан төмен болса, оған бір реттік айырма төлемі беріледі.
"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР Заңының 5-бабында азаматтың қорда жиналған мiндеттi зейнетақы жарнасының үстіне құнсызданған қаржының сомасы қосылып берілетіндігі айтылған.
Зейнеткерлерге өтемақы берілуі мүмкін, бірақ бәріне емес. Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына қамтасыз ететін бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді. Қазақстан үкіметі азаматтардың зейнетақы қорына аударған қаржысының нақты енгізілген мөлшерде сақталуына кепілдік береді. Яғни, жыл сайын экономика мен қаржы нарығында орын алған инфляцияның көлемі есептеліп, ол азаматтардың зейнетақы қорына аударылған қаржысының үстіне қосылып отыруы тиіс. Қорда жинақталған қаржы салымшының жеке меншігі болып табылады әрі оны мұраға қалдыруға құқығы бар.
- Мемлекеттік кепілдік бойынша зейнет жасына толған азаматтар, бірінші және екінші топ мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар, шетелге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы төлемді алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагері алуға құқылы, - дейді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ШҚО облыстық филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Байділдаева.
Ал аталған айырма сомасын кімнің алып, кімнің алмайтынын Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып білу қажет азаматтарға. Егер бұған дейін айырма төлемді алу үшін азаматтар алдымен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барып жүгініп, кейін оның сомасын есептету үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратын. Ал 2018 жылдың қазан айынан бастап бұл құжаттама жұмысы біршама жеңілдеді.
- Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін өтініш пен қажетті құжаттарды азаматтар тек бір жерге – ол мемлекеттік корпорацияға барып тапсырады. Яғни, айырма төлемін алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Мемлекеттік корпорация зейнетақы жинақтарының сомалары туралы Қордан алынған мәліметтерді алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляцияны ескере отырып, осы кезеңге енгізілген зейнетақы жарналарының сомасымен салыстырып тексереді. Егер алушының Қордағы зейнетақы жинақтарының сомасы инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген зейнетақы жарналары сомасынан артық және оған тең болса, айырма сомасы төленбейді. Ал егер зейнетақы жинақтарының сомасы енгізілген жарналардың сомасынан төмен болса, айырма төлемі есептеледі, - дейді маман.
Қарапайым есепке жүгінсек, азаматтың зейнетақы қорына жинаған жарнасының жалпы сомасы 1,7 миллион теңге болып, инфляцияны ескере отырып есептелген жинақ сома 1,5 миллион теңге болса, онда арада қалған 200 мың теңге бір реттік өтемақы ретінде төленбек.