Зейнетақы қорынан ірі жобаларды қаржыландыруға ақша алынады. бірақ алаңдауға негіз жоқ. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары– Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол қордан алынатын қаржыға мемлекет кепілдік беретінін атап өтті.
"Бүгінде 17 триллион теңгеден асатын қаржы мемлекеттік бағалы қағаздарға, квазимемлекеттік сектордың құнды қағаздарына инвестицияланып жатыр. Шамамен 30 пайызы шетелде инвестицияланады. Үкіметтің Ұлттық банкпен және "Бәйтерек" холдингімен талқылап жатқан ұсынысы осындай: зейнетақы жинағының бір бөлігін ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттау. Бұл жобалар экономикамызды дамытуға синергетикалық әсер береді. Оларды іске асыру барысында жұмыс орындары ашылады, салық төленеді. Нәтижесінде жобалар өзін өзі ақтайды. Біз бен сіздің жинағымыз бәрібір сақталады", - деді Ерұлан Жамаубаев Үкіметтің баспасөз орталығында.
Вице-премьер қазақстандықтарға алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.
"Форс-мажор туындап немесе жоба іске аспай қалған күннің өзінде мемлекет бәрібір зейнетақы жинағына кепілдік береді. Сондықтан біз бұл ақшаға алаңдамауымыз керек. Қаражат міндетінің бірі – экономикаға инвестиция құю. БЖЗҚ ақшасы ұзақмерзімді жинақ болғандықтан, біз экономикадағы жақсы жобаларды несиелендіру үшін оны дұрыс пайдалана білуіміз керек", - деді Қаржы министрі.
Еске салайық, бұған дейін Үкімет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) 1,5 триллион теңге алып, ірі жобаларға құюды жоспарлап отырғаны хабарланған.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!